Түркияға бару үшін енді паспорт қажет болмайды
Түркия Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің халқына өзара саяхатта төлқұжаттың орнына тек жеке куәлікпен ғана жүріп-тұруға мүмкіндік беретін жобаны іске асырмақ. Бұл туралы Анадолы агенттігі мәлім етті.
Айта кетейік, түркі әлемінің 2026 жылғы туристік астанасы болып Анкара қаласы жарияланған болатын. Түркия астанасында Анкара қаласының «2026 жылғы Түркі әлемінің туристік астанасы» болып жариялануына орай Техникалық қолдау бағдарламасына қол қою шарасы өтті.
Іс-шара барысында сөз сөйлеген Түркияның Әділеттілік және даму партиясы төрағасының орынбасары, Түркі мемлекеттерімен байланыс басқармасының төрағасы Күршад Зорлу қазіргі таңда Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдерден Түркияға жыл сайын шамамен 3,5 миллион турист келетінін айтты. Ал Түркиядан аталған мемлекеттерге баратын саяхатшылар саны 1 миллионнан асады.
– Бұл көрсеткіштерді арттыруымыз қажет. Туризм – тек экономикалық сала емес, халықтарды жақындастырып, жастарға ортақ тарихымыз бен бай мәдени мұрамызды тереңірек танытуға жолашады», – деді Күршад Зорлу.
Оның айтуынша, Turkic ID бастамасы толық жүзеге асса, Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің азаматтары Түркияға төлқұжатсыз, тек жеке куәлікпен кіре алады. Қазіргі уақытта осы бағыттағы техникалық және құқықтық жұмыстар қарқынды жүргізіліп жатыр.
Айта кетейік, Turkic ID жобасы алғаш рет биыл15 мамырда Түркістанда өткен Түркі мемлекеттері ұйымы басшыларының бейресми саммитінде ұсынылған болатын.
Бүгінде мұндай тәртіп Қазақстан мен Қырғызстан, Қырғызстан мен Өзбекстан, сондай-ақ Түркия мен Әзербайжан арасында екіжақты келісімдер аясында қолданылып келеді. Алдағы уақытта бұл тәжірибені бүкіл Түркі мемлекеттері ұйымының кеңістігіне енгізу жоспарланып отыр.
Сонымен қатар, Түркия Түркі әлеміне арналған бірыңғай музей картасын әзірлеу жұмыстарын аяқтағанын мәлімдеді. Жоба ортақ тарихи-мәдени мұраны танытуға және туристік бағыттарды өзара байланыстыруға мүмкіндік береді.
Түркі әлеміндегі бұл және өзге де интеграциялық бастамалар 29 қазанда Анкарада өтетін Түркі мемлекеттері ұйымы мемлекет басшыларының саммитінде талқыланады деп күтілуде.
Ал қараша айында Анталияда өтетін COP31 климат конференциясы аясында түркі мемлекеттерінің арнайы кездесуі ұйымдастырылып, экология, климаттың өзгеруі және өңірлік ынтымақтастыққа қатысты бірлескен жобаларды талқылау жоспарланып отыр.
Сіздің реакцияңыз қандай?
Ұнады
0
Ұнамады
0
Керемет
0
Күлкілі
0
Сұмдық
0
Қайғылы
0
Жарайсың
0