Түрмелерде тамақ пен киімге ақша жетпей жатыр

Маусым 25, 2025 - 16:08
Түрмелерде тамақ пен киімге ақша жетпей жатыр
Фото: Мәжілістің баспасөз қызметі

Мәжіліс депутаты Абзал Құспан Премьер-министр Олжас Бектеновтің атына Қазақстандағы түзеу мекемелерінің ауыр жағдайына қатысты депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Депутат Қылмыстық-атқару жүйесінің (ҚАЖ) күрделі қаржылық тапшылыққа тап болғанын және бұл салада шұғыл шешім қабылдауды талап ететін бірқатар өзекті мәселе бар екенін жеткізді.

ІІМ ҚАЖ комитетіне 2025 жылға жоспарланған 151,4 млрд теңгенің тек 88,3 млрд теңгесі ғана мақұлданған. Яғни 63 млрд теңге немесе 42% қаржылық дефицит бар. Осыған байланысты ең осал бағыттар — азық-түлік, киім-кешек, коммуналдық қызметтермен қамтамасыз ету – тәуекелге тіреліп отыр. Сонымен қатар сотталғандар санының көбеюі мен тарифтердің өсуі жағдайды қиындатып отыр, - дейді Абзал Құспан.

Депутат 2025 жылға қосымша 14,1 млрд теңге бөлуді ұсынды. Оның ішінде:

  • 8,7 млрд теңге – тамақтандыруға (оның ішінде 2,3 млрд теңге берешекті өтеуге);
  • 3,4 млрд теңге – коммуналдық қызметтерге;
  • 2 млрд теңге – киім-кешек және төсек-жабдыққа бағытталуы тиіс.

Сонымен қатар депутат шетелдік сотталғандарды елдеріне қайтару мәселесінің де өзектілігін атап өтті. Жыл басынан бері 1 000-нан астам шетел азаматы сотталғанымен, тек 45-і ғана елдеріне жіберілген.

Гуманитарлық нормалардың, оның ішінде шартты түрде мерзімінен бұрын босату, жазаны өтеуді кейінге қалдыру секілді жеңілдіктердің жеткілікті қолданылмай отыр. 2024 жылы келіп түскен 12 445 өтініштің тек 37%-ы ғана қанағаттандырылған, - деп сынады Абзал Құспан.

Депутат еліміздегі түзеу мекемелерінің инфрақұрылымына да тоқталып, олардың 75%-ының тым ескі екенін айтты. Барақтық үлгідегі түрмелерде тәрбиелік жұмыс жүргізу мүмкін емес екенін алға тартқан Құспан оларды камералық типтегі заманауи мекемелермен алмастыру қажеттігін көтерді.

Сондай-ақ ол кәмелетке толмаған балалары бар әйелдерге қатысты жазаны жеңілдетуге бағытталған заңнамалық бастамаларды қолдауды сұрады.

Сіздің реакцияңыз қандай?

like

dislike

love

funny

angry

sad

wow