ЮНИСЕФ: 1,2 миллион бала сексуалдық дипфейк құрбанына айналды

Ақпан 6, 2026 - 16:54
 0  3
ЮНИСЕФ: 1,2 миллион бала сексуалдық дипфейк құрбанына айналды

БҰҰ-ның Балалар қоры (ЮНИСЕФ) әлем елдеріне шұғыл ескерту жасады. Соңғы бір жылдың ішінде 11 елде кем дегенде 1,2 миллион баланың суреті жасанды интеллект (ЖИ) арқылы порнографиялық контент жасау үшін пайдаланылған. Ұйым әлем үкіметтерін жасанды интеллект арқылы балаларға қарсы жасалатын мұндай қылмыстарды тез арада заңмен жазалауға шақырды, деп хабарлайды Sadaq.kz.

ЮНИСЕФ, ИНТЕРПОЛ және ECPAT жүргізген зерттеу нәтижесі сұмдық деректерді анықтады. Кейбір аймақтарда әрбір 25-ші бала (яғни, орташа есеппен кез келген бір сыныптағы бір бала) осындай виртуалды зорлық-зомбылықтың нысанына айналған. Ұйым өкілдері бұл технология «жасанды» болғанымен, оның келтіретін зардабы мен салдары өте шынайы екенін ескертті.

Әсіресе, суреттерді ЖИ көмегімен «шешіндіретін» (nudification) бағдарламалардың көбеюі үлкен қауіп тудырып отыр. Ол қарапайым киімдегі баланың суретін алып, одан жалаңаш немесе сексуалданған бейнелер жасап шығарады. Статистикаға сүйенсек, ЖИ арқылы жасалған мұндай заңсыз материалдардың саны бір жылда 26 362 пайызға өсіп кеткен.  2024 жылы: небәрі 13 видео анықталса, 2025 жылы бұл көрсеткіш 3 440-қа жеткен. Сарапшылар: «Егер шұғыл шара қолданбасақ, ЖИ құралдары осындай материалдарды шығаратын конвейерге айналады», — деп дабыл қағуда.

ЮНИСЕФ әлем елдерінің үкіметтерін бұл мәселеге заң жүзінде шұғыл тосқауыл қоюға шақырады. Атап айтқанда, ЖИ-контентті жасау, тарату ғана емес, оны сақтау мен иеленуді де қылмыс деп танып, қылмыстық жауапкершілікке тартуды ұсынады. Мәселен, Ұлыбритания мұндай қылмыс үшін 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын енгізген алғашқы ел болды.

Бұдан бөлек, ұйым IT-компаниялардан жасанды интеллектіні дамыту кезеңінде-ақ оның зиянды мақсатта қолданылуына жол бермейтін қорғаныс механизмдерін енгізуді талап етіп отыр.

Сіздің реакцияңыз қандай?

Ұнады Ұнады 0
Ұнамады Ұнамады 0
Керемет Керемет 0
Күлкілі Күлкілі 0
Сұмдық Сұмдық 0
Қайғылы Қайғылы 0
Жарайсың Жарайсың 0