Зеленский: алыстағы нысаналарға шабуыл жасауға дайындалып жатырмыз

Украина президенті Владимир Зеленский жексенбі, 13 шілде күні елдің әскери басшылығымен кеңес өткізді, деп хабарлады Азаттық радиосы.
Зеленскийдің әлеуметтік желіде жазуынша, Украина қарулы күштерінің бас қолбасшысы Александр Сырскиймен және Бас штаб бастығы Андрей Гнатовпен кездесуде майданның маңызды тұстарындағы жағдай егжей-тегжейлі талданған. Атап айтқанда, Покровск және Новопавловск бағыттары, Запорожье мен Харьков облыстары, сондай-ақ Сумы облысының шекараға жақын аймақтарындағы жағдай пысықталған.
Ресей әскері шабуылдарын жалғастырып жатыр, алайда олардың әр талпынысына украин жауынгерлері табандылығы мен белсенді қорғанысының тиімділігінің арқасында тойтарыс беріп отыр деді Зеленский. Оның сөзінше, Ресей армиясысы жазғы науқан кезінде өз басшылығы алға қойған мақсат-міндетінен едәуір артта қалып отыр.
"Украин бөлімшелері қарсыласқа шығын келтіріп жатыр және соғыс қимылдарын Ресей аумағына көшіру үшін қолдан келгеннің бәрін жасап отыр. Қазіргі уақытта алыс қашыққа шабуылдар жасауға дайындықтар жүргізіліп жатыр", — деп мәлімдеді Украина президенті.
Зеленский келтірген деректерге сәйкес, қазіргі таңда Украинаға қажет қару-жарақтың шамамен 40% ел ішінде өндіріліп жатыр.
Сіздің реакцияңыз қандай?






