«Жалған ақпарат тараттым»: Ботагөз Омарова VD Stroy Engineering-ке қатысты мәлімдеме жасады
Журналист Ботагөз Омарова «ВД Строй-Инжиниринг» компаниясы мен оның директоры Азамат Үсімбековке қатысты таратқан мәліметтерінің жалған болғанын мойындап, ресми түрде мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Sadaq.kz.
Оның айтуынша, 2026 жылдың 20 ақпаны мен 7 наурызы аралығында Instagram желісіндегі 101tv.kz парақшасы мен «Айтпа, Ботагөз» Telegram-арнасында ВД Строй-Инжиниринг және оның құрылтайшысы әрі директоры Азамат Үсімбеков туралы шындыққа сәйкес келмейтін ақпарат жарияланған.
Жарияланған мәліметтерде компания Астанадағы ат спорты кешенінің құрылысына қатысқан «Ремстрой-1» серіктестігінің қызметкерлеріне қарыз болып, еңбекақы төлемей отыр деп көрсетілген. Алайда журналист бұл ақпараттың жалған екенін мойындады.
Ботагөз Омарова компания басшылығы оған қарыздың жоқ екенін дәлелдейтін құжаттарды көрсеткенін, соған қарамастан өзі жалған ақпарат таратуды жалғастырғанын айтты. Оның сөзінше, бұған аудиторияның қызығушылығын арттырып, жаңа оқырман жинау ниеті себеп болған.
Сондай-ақ журналист бұл жарияланымдар компанияның іскерлік беделіне, заңды құқықтары мен мүдделеріне нұқсан келтіргенін айтып, ресми түрде кешірім сұрады. Ол өз аудиториясынан да кешірім сұрап, жалған ақпарат тарату арқылы Қылмыстық кодекстің 274-бабын бұзғанын мойындады.
Мәлімдеме соңында Ботагөз Омарова әріптестерін ақпаратты мұқият тексеріп, журналистиканың басты қағидаларын сақтауға шақырды.
Сіздің реакцияңыз қандай?
Ұнады
0
Ұнамады
0
Керемет
0
Күлкілі
0
Сұмдық
0
Қайғылы
0
Жарайсың
0