«Жаны тыныштық тапсын»: Ербаян Мұхтардың ата-анасы баласынаң мәйітіне қатысты мәлімдеме жасады
Қайтыс болған Ербаян Мұхтардың жақындары оның әскердегі оқиғаға қатысты тергеуді жалғастырудан бас тартатынын мәлімдеді. Сондай-ақ олар мәйітті ашып тексеруге де қарсы екенін айтты, деп хабарлайды Sadaq.kz.
Бұл туралы 2026 жылдың 23 маусымында Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығының жансақтау бөлімінде көз жұмған мерзімді әскери қызметші Ербаян Мұхтардың отбасы Qumash.kz сайтына хабарлаған.
Марқұмның ағасы Самат Мұстафиннің КТК телеарнасына берген сұхбатында айтуынша, Ербаянның ата-анасы ұлының төсекке таңылып қалуына себеп болған әскери бөлімдегі оқиға бойынша тергеуді әрі қарай талап етпек емес.
Оның сөзінше, отбасы бірнеше жылға созылған тергеу мен даудан шаршаған. Енді олар Ербаянды туған жеріне апарып, ақтық сапарға шығарып салуды ғана қалайды.
«Біз мәйітті ашып тексеруден де, басқа да шаралардан да бас тартамыз. Баламыз Ербаян сол жақта жатыр. Оны тезірек үйге әкеліп, жерлеу рәсіміне дайындалуымыз керек. Ешқандай әрекет жасамаймыз. Ербаяндың жаны тыныштық тапқанын қалаймыз. Оның есімі құқық қорғау органдарында енді айтылмаса дейміз. Адам өмірден өтті. Алла бар. Бір күні мұның бәрі өздеріне қайтады», – деді Самат Мұстафин.
Ербаян Мұхтардың қайтыс болуынан кейін оның туыстары мен Денсаулық сақтау министрлігі арасында әскери қызметшінің өмірінің соңғы сағаттарына қатысты пікір қайшылығы туындаған.
Марқұмның ағасы Ербаянды жасанды тыныс алдыру аппараты өшірілгеннен кейін көз жұмды деп мәлімдеген.
Алайда Денсаулық сақтау министрлігі бұл ақпаратты жоққа шығарып, өлімнің себебі ауыр бас-ми жарақатының салдары мен оған қосылған асқынулар аясында дамыған көп ағзалық жеткіліксіздік синдромы болғанын хабарлады.
Еске салайық, Ербаян Мұхтар 2023 жылы Ұлттық ұланның әскери бөлімдерінің бірінде қызмет атқарып жүрген кезінде ауыр бас-ми жарақатын алған. Үш жылға жуық уақыт бойы ем қабылдаған ол 2026 жылдың 23 маусымында қайтыс болды.
Сіздің реакцияңыз қандай?
Ұнады
0
Ұнамады
0
Керемет
0
Күлкілі
0
Сұмдық
0
Қайғылы
0
Жарайсың
0