Жәнібек Әлімханұлы үздік боксшылар рейтингінен шығып қалды
Қазақстандық боксшы, WBO және IBF нұсқасы бойынша әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлы допинг дауына байланысты танымал Ring Magazine порталының орта салмақтағы үздік боксшылар рейтингінен шығарылды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Жаңартылған рейтингте бұрын бірінші орында тұрған Жәнібек Әлімханұлының есімі кездеспейді. Ал портал басқа боксшыларды орта салмақтағы үздік позицияларға орналастырған.
Еске салайық, 6 желтоқсанда Жәнібек Әлімханұлы Куба боксшысы Эрисланди Ларамен жекпе-жекке шығуы тиіс еді. Алайда кездесудің болмайтыны ресми түрде хабарланды. Бұған қазақстандық боксшының анализінен мельдоний атты тыйым салынған препарат табылғаны себеп болды.
Кейін бұл жағдайға Туризм және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев пікір білдірді.
Вице-министр қазіргі уақытта ведомство Жәнібектің командасымен тұрақты байланыста екенін жеткізді. Шенеунік оқиғаны сараптауға асықпай, ресми тергеу қорытындысын күтуді ұсынды.
"Жәнібек Әлімханұлының жекпе-жегіне қатысты мен бұған дейін де пікір білдірдім. Қазір Туризм және спорт министрлігі Жәнібектің командасымен байланыста. Өкінішке қарай, ұйымдастырушылар оның сынамасынан... тыйым салынған зат анықталғанын хабарлады. Салдарынан жекпе-жек тоқтатылды. Дегенмен біз оның допинг қолданбағанына сенеміз және сенімдіміз. Ол заттың ағзасына қалай түскені әлі анықталуы керек. Бұл мәселемен антидопингтік ұйымдар айналысады. Қорытындыға асықпауға кеңес береміз. Антидопингтік тергеу толық аяқталсын. Қажет болған жағдайда министрлік халықаралық сарапшыларды тартуға дайын", – деді вице-министр.
Ведомство өкілдері тергеу нәтижесі шықпай тұрып боксшыға айып тағу дұрыс емес деп санайды. Жарасбаевтың айтуынша, қажет болған жағдайда Министрлік Жәнібекке қолдау көрсетіп, халықаралық деңгейдегі сарапшыларды да тартуы мүмкін.
Сіздің реакцияңыз қандай?
Ұнады
0
Ұнамады
0
Керемет
0
Күлкілі
0
Сұмдық
0
Қайғылы
0
Жарайсың
0