Жәнібек Әлімханұлының ағзасынан не себепті мельдоний табылғаны анықталды

Ақпан 25, 2026 - 12:19
 0  0
Жәнібек Әлімханұлының ағзасынан не себепті мельдоний табылғаны анықталды
Фото: instagram.com/janibek_alimkhanuly

Кәсіпқой боксшы, орта салмақтағы WBO және IBF нұсқалары бойынша әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлының ағзасынан тыйым салынған мельдоний заты анықталуына байланысты жағдайдың себебі белгілі болды. Спортшының менеджері Эгис Климас допинг-тесттегі қолайсыз нәтиже медициналық ем барысында қолданылған дәрі-дәрмекпен байланысты екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Sadaq.kz.

2025 жылдың желтоқсанында алынған допинг сынамасы теріс нәтиже көрсеткен. Істің мән-жайы зерттелгеннен кейін осы айда World Boxing Organization (WBO) өз шешімін жариялады. Соған сәйкес, Жәнібек Әлімханұлы 2026 жылғы 2 желтоқсанға дейін жарыстардан шеттетілді. Алайда ол чемпиондық белбеулерін сақтап қалды. Айта кетейік, ол — International Boxing Federation (IBF) нұсқасы бойынша да әлем чемпионы.

АҚШ журналисі Стив Ким өз бағанында істің кейбір жайттарын ашып жазды. Оның мәліметінше, 2025 жылғы 7 мамырда Әлімханұлы қатты бас ауруы, жүрек айну, бас айналу және құсу белгілерімен клиникаға жүгінген. Бұған дейін, 25 сәуір күні ол Астана қаласында өткен жекпе-жекте Анауэль Нгамиссенге қарсы жұдырықтасқан.

Дәрігерлер боксшыға рипронат препаратымен ем тағайындаған. Бұл дәрінің белсенді заты — мельдоний. Медициналық есепке сәйкес, препарат «ұстаманың жедел сипатына байланысты» көктамыр арқылы енгізілген.

Эгис Климастың түсіндіруінше, сол кезеңде аталған емдеу заңды болған.

«Біздің анықтағанымыздай, мельдоний ағзада тоғыз айға дейін сақталуы мүмкін. Ол клиникада ем қабылдаған кезде алда жоспарланған жекпе-жегі болған жоқ және World Anti-Doping Agency (WADA) тестілеу пулына кірмеген. Дәрігерлер Қазақстанда тіпті рецептісіз сатылатын заңды препараттармен емдеген», – деп келтіреді Климастың сөзін Стив Ким.

WBO-ның ресми қаулысында да: «Мельдонийді қабылдау медициналық тұрғыдан негізделген және шұғыл медициналық көмек аясында жүзеге асырылған» деп көрсетілген.

Сонымен бірге ұйым ережесіне сәйкес, тыйым салынған заттың спортшы ағзасына түсу фактісінің өзі, себептеріне қарамастан, тергеу жүргізуге және санкция қолдануға жеткілікті негіз болып саналады. Алайда WBO Жәнібек Әлімханұлының бұған дейін допингке қатысты тәртіп бұзушылықтары болмағанын жеңілдететін мән-жай ретінде ескеріп, оған чемпиондық атағын сақтап қалуға мүмкіндік берген.

Енді қазақстандық боксшы дисквалификация мерзімі аяқталғанға дейін қосымша допинг-бақылаудан өтіп тұруға міндетті. Ал жарысқа оралғаннан кейін WBO-ның орта салмақтағы уақытша чемпионымен жекпе-жек өткізуі тиіс.

Сіздің реакцияңыз қандай?

Ұнады Ұнады 0
Ұнамады Ұнамады 0
Керемет Керемет 0
Күлкілі Күлкілі 0
Сұмдық Сұмдық 0
Қайғылы Қайғылы 0
Жарайсың Жарайсың 0