Жапония Ресейге тауар тасымалдаған қазақстандық компанияға санкция салды

Маусым 21, 2024 - 16:39
Маусым 21, 2024 - 16:39
Жапония Ресейге тауар тасымалдаған қазақстандық компанияға санкция салды

21 маусымда Жапония Мәскеуге қарсы санкция тізімін ұлғайтты. Оған Ресейден 50-ден астам фирма, мекеме мен адам ілінді. Тізімде Қытай, Үндістан, Қазақстан мен басқа елдердегі фирмалар да бар, деп жазады Азаттық радиосы. 

Украинаның одақтастары тізімдегі фирмалар Ресейге санкцияларды айналып өтуге, қару-жараққа қажет электроника сатып алуға көмектеседі дейді. Бұл туралы BBC хабарлады. Жапон үкіметінің мәліметінше, санкция тізіміне Ресейден 11 кісі және 42 фирма мен ұйым енген.

Қытайдың жеті фирмасы санкцияға ілінген, Жапонияның дерегінше, Ресей олардан электроника сатып алған. Бұдан бөлек, Үндістан, Қазақстан, Өзбекстан мен БАӘ-дегі фирмаларға санкция салынған.

"Власть" сайтының жазуынша, Жапония санкция салған қазақстандық компания – Elem Group. Бұл компания туралы Азаттық былтыр маусымда жариялаған зерттеуінде жан-жақты айтқан. Содан кейін оның Ресейге соғысқа қажет технология жеткізіп жатқаны туралы ақпарат жер-жерде көп жазыла бастады.

Алматының орталығындағы ғимаратта орналасқан "Elem Group" компаниясы Ресей Украинаға соғыс бастаған соң 20 күн ішінде құрылған, ал кірісі миллиардтаған теңге болған. Олар былтыр Ресейдің Санкт-Петербург қаласында орналасқан "Стрелой Е-Коммерц" деген компанияға кемінде 300 рет жүк тасымалдаған. Оның 273-і АҚШ "өте маңызды" деп сипаттаған екі мақсатта қатар қолданылатын тауар тобына кіреді.

АҚШ-тағы ImportGenius сауда мәліметтері базасының дерегіне сүйенсек, 2023 жылдың наурыз-тамыз айлары аралығында Elem Group Ресейге 1,15 миллион доллардың тауарын тасымалдаған. Олардың арасында Далласта орналасқан Texas Instruments пен Массачусетс штаты Уилмингтонда орналасқан Analog Devices компаниялары өндірген электрон тауарлар бар. Сол кезеңде Elem Group-ке ең ірі көлемдегі импорт тауарлар Қытайдан жеткізілді.

АҚШ-тың сауда министрлігі Elem Group компаниясын экспорты бақыланатын тауарды тасымалдағаны үшін қара тізімге қосты. Elem Group Еуроодақ санкцияларына ілікті, компания Еуроодақ қабылдаған 13-санкция пакетінде жүр.

Былтыр желтоқсанның аяғында Қазақстан ұлттық экономика министрлігі Elem Group "сыртқы саудамен айналыспайды" деп мәлімдеген. Министрлік "АҚШ сауда министрлігінің санкциясына ілінген компаниялар қызметін жалғастыра алады, тек америкалық контрагенттермен жұмыс істемейді" деген.

Сіздің реакцияңыз қандай?

like

dislike

love

funny

angry

sad

wow