Жеңіс Қасымбек Астананы атышулы Каракасқа теңеген депутатпен шекісіп қалды

Желтоқсан 12, 2025 - 15:51
Желтоқсан 12, 2025 - 16:02
 0  50
Жеңіс Қасымбек Астананы атышулы Каракасқа теңеген депутатпен шекісіп қалды

Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек қалалық мәслихаттың отырысында елорданы әлемдегі ең қылмыс көп тіркелетін қалалардың бірі Каракасқа теңеген депутатпен сөзге келіп қалды, деп хабарлады sadaq.kz.

Астана қалалық мәслихатының отырысында депутат Талғат Ерғалиев елорданың Сарыарқа ауданында қылмыс көп тіркелетінін айтты. Оның айтуынша, аталған ауданда әр 10 күн сайын бір адам өлтіру дерегі, әр 15 күн сайын бір зорлау фактісі болып жатады. Сонымен қатар күн сайын алты ұрлық және есірткіге байланысты екі қылмыс тіркеледі.

«Maksut Narikbayev University және «Майн» сараптамалық орталығының зерттеулеріне сәйкес, Астанадағы барлық қылмыстың жартысынан көбі қала аумағының 3 пайызында орын алады. Олар - вокзал, іргелес орамдар, жеке сектор. Бұл «Сарыарқа» ауданы мен 16-округте қылмыс деңгейінің өте жоғары екенін көрсетеді. Сарапшылардың зерттеулері мен қорытындылары бойынша барлық қылмыстың 50 пайызы Сарыарқа ауданындағы шектеулі аймақтарда жасалады, әсіресе теміржол вокзалы маңында, ескі жеке секторда және өнеркәсіптік аймақтарда қылмыс көп.

Астана қаласындағы жалпы қылмыс саны мен қылмыс деңгейінің шоғырлануына қарасақ, бұл ауданда жылына 40 087 қылмыс жасалады. Қылмыстың түрлері бойынша: Сарыарқа ауданында жыл сайын 35 адам өлтіру, 26 зорлау, 546 есірткі қылмысы тіркеледі. Демек, әр 10 күнде бір адам өлімі, әр 15 күнде бір зорлау, күніне 6 ұрлық, 2 есірткі қылмысы жасалады. Күн сайын бір тонау немесе бұзақылық болады», - деп атап өтті депутат.

Осылай деп атап өткен ол бас қаладағы қылмыстық ахуалды әлемдегі ең қылмыс көп тіркелетін қалалардың бірі Каракасқа теңеген.

«Бұл іс-қимылдары есебіндегі әскери мәліметтер сияқты. Crime ray халықаралық көрсеткіші бойынша 100 мың адамға шаққанда әлемдегі қылмыс жиі болатын 10 астананың ішінде мәселен, Каракаста — 3,5 мың, Преторияда 3,5 мың қылмыс жасалады. Сарыарқа ауданы әлемдегі қылмыс ең жиі орын алатын астаналардың ішінде екінші орынды тұр», - деді депутат.

Алайда депутаттың бұл мәліметтері қала әкімі Жеңіс Қасымбектің қытығына тиіп кетсе керек.

«Мұндай мәлімдемелерді өте сақ жасау керек және өз цифрларыңызды дәлелдеу қажет. Бізді Каракас және Венесуэламен салыстыру өте қиын. Сондықтан депутаттарымызды әрбір сөзіне жауапкершілікпен қарауға шақырамын. Мұндай мәлімдемелерді өте сақ жасау керек, - деді Жеңіс Қасымбек.

Жеңіс Қасымбек депутат жария еткен деректерді тексеріп, мән-жайды анықтайтынын айтып жатты.

«Деректеріңізді қайдан алғаныңызды білмеймін, интернеттен ала салған шығарсыз. Меніңше, өте қате сауал болды. Маған ренжімеуіңізді өтінемін. 2025 жылы елордада қылмыс деңгейінің айтарлықтай төмендеуі байқалды. Өткен жылдың желтоқсанына қарағанда 26,7 пайызға азайды. Қазақстан бойынша да, әлемдік мегополистер рейтингінде де позициясы жақсарып келеді. Сондықтан бізді Каракаспен және басқаларымен салыстыру дұрыс емес. Осы жерде отырған бәріміз де жауапкершілігі бар адамдармыз. Баспасөз отыр, тікелей эфир жүріп жатыр. Сөз сөйлегенде қисынды айтуларыңызды өтінемін. Ескерту жасай алмаймын. Бірақ, қала басшысы ретінде сіздерден соны өтінемін. Бізді адамдар естиді. Біз кез келген мәлімдемемізбен қоғамдық пікірді дүрліктіреміз. Қисынды әрі сенімді деректермен сөз сөйлеуді өтінемін, - деді елорда басшысы.

Сіздің реакцияңыз қандай?

Ұнады Ұнады 0
Ұнамады Ұнамады 0
Керемет Керемет 0
Күлкілі Күлкілі 0
Сұмдық Сұмдық 0
Қайғылы Қайғылы 0
Жарайсың Жарайсың 0