Жетісу облысында қураған ағаш бұтағы жас қыздың басына құлады
Жетісу облысындағы Үштөбе қаласында көпқабатты тұрғын үйдің ауласында қураған ағаш бұтағы жас қыздың басына құлап, жазатайым оқиға орын алды, деп хабардайды Sadaq.kz.
Оқиға салдарынан зардап шеккен бойжеткен есін жоғалтпағанымен, қатты қан кеткен. Оқиға орнына жылдам жеткен жедел жәрдем қызметкерлері алғашқы медициналық көмек көрсетіп, оны қосымша тексеруден өткізу үшін ауруханаға жеткізді.
Оқиғаға қатысты Үштөбе қаласының әкімдігі түсініктеме беріп, жауапкершілікті тұрғын үйге қызмет көрсететін ұйымға жүктеді. Әкімдік өкілдерінің айтуынша, көпқабатты үйдің ауласы тұрғындардың ортақ меншігі болып саналады. Сондықтан аумақтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, қураған ағаш бұтақтарын дер кезінде кесу міндеті ПИК немесе МИБ-ке жүктеледі.
Ведомство мәліметінше, аталған мекенжай бойынша апатты жағдайдағы ағаштарды кесуге қатысты әкімдікке ешқандай өтінім түспеген.
Сонымен қатар әкімдік қалада жоспарлы жұмыстар жүргізіліп жатқанын атап өтті. Жыл басынан бері Үштөбенің ірі көшелері мен саябақтарында қауіпті деп танылған 128 ағаш кесілген.
Оқиғадан кейін қала билігі ПИК өкілдерімен бірлесіп, аулаға арнайы тексеру жүргізетінін мәлімдеді. Сондай-ақ осы аумақтағы қураған ағаш бұтақтарын мәжбүрлі түрде кесу жұмыстары қолға алынатыны айтылды.
Сіздің реакцияңыз қандай?
Ұнады
0
Ұнамады
0
Керемет
0
Күлкілі
0
Сұмдық
0
Қайғылы
0
Жарайсың
0