«Жұртты мезі қылды»: америкалық маман Жәнібек Әлімханұлын сынға алды
Желі қолданушылары да қазақ боксшысына «әбден ішті пыстырып жібердің», «жалықтырдың» деп пікір қалдырған.
Әлеуметтік желіде жиі жазба қалдырып, даңқты боксшыларды жекпе-жекке шақырудан жалықпайтын Жәнібек Әлімханұлы сын астында қалды. Бокс шоуларын ұйымдастырумен айналысатын америкалық телепродюсер Марк Ортега қазақ боксшысын «жұртты мезі етті» деп айыптады.
Еске салсақ, Жәнібек күні кеше X әлеуметтік желісінде WBC бойынша әлем чемпионы Карлос Адаместі жекпе-жекке шақырған болатын.
«Менің Аустралиядағы жекпе-жекте қанша сыйақы алатынымды бәрі біледі. Маған ақша маңызды емес! Маған атақ маңызды! Бокс – бұл бизнес емес. Бұл – спорт. Чемпион чемпионмен төбелесуі керек!
Карлос, мен 4 қазан күні Аустралияда жұдырықтасамын. Сенен келісімшарт күтемін. Қаңтар немесе ақпанда айқас ұйымдастырайық. Келісімшартты жібер», - деп жазды Әлімханұлы.
Мұнан кейін Ортага Жәнібекке: «Әлеуметтік желіде жұртты мезі еткен боксшы» деп жауап жазды. Ал, өзге желі қолданушылары қазақ боксшысына «әбден ішті пыстырып жібердің», «жалықтырдың» деп пікір қалдырған. Олардың бірі Жәнібекті Конор Макгрегорға ұқсатса, Ортега: «Конор кейде күлдіретін, ал Жәнібек болса жылаңқы» деп жауап жазды оған да.
Еске салайық, 4 қазанда Жәнібек Әлімханұлы Аустралияда жаңазеландиялық Андрей Михайловичпен шаршы алаңға шығады. Бұл жекпе-жекте бәске Жәнібектің WBO және IBF белбеулері тігіледі.
1bol.kz
Сіздің реакцияңыз қандай?