«Қазақстандағылар қамқор болды» - Ұшақ апатынан зардап шеккендер
Ақтаудағы әуе апатынан аман қалған Әзербайжан азаматтары хал-жағдайы туралы айтып, Қазақстан дәрігерлеріне алғысын білдірді, - деп хабарлайды Massaget.kz.
"Саусағым сынып, гипс салынған, бірнеше жерім көгерген. Қазақстандағылар жақсы қамқор болды. Мұнда да бізге жақсы қарап жатыр. Біз бәріне ризамыз. Бұдан жақсы болуы мүмкін емес - бізге ең жоғары деңгейде қамқорлық көрсетіліп жатыр," - деді Ақтаудағы әуе апатынан кейін Әзербайжанға жеткізілген Загатал ауданының тұрғыны Нурулла Сираджов.
Ол сондай-ақ әйелінің тағдыры туралы ештеңе білмейтінін айтты.
"Мен оның қайда және қандай жағдайда екенін білгім келеді. Онымен кездескім келеді. Ұшақта біз бірге отырғанбыз. Содан кейін оны көрген жоқпын. Әйелімді қатты сағындым", - деді ол
Ақтаудағы ұшақ апатынан зардап шеккен тағы бір адам - Самир Дарвишов, ол Грозныйға әкесімен бірге ұшқанын айтты. Олар бауырын көріп, жұмыс іздеу үшін бара жатқан.
"Менің жағдайым тұрақты. Дәрігерлер бізге өте жақсы қамқорлық көрсетіп жатыр. Мен барлық тексеруден өттім. Қазақстанда бізге де жақсы қарады, оларға рақмет", - деді ол.
Еске салайық, 25 желтоқсанда Ақтау маңында Бакуден Грозныйға ұшып бара жатқан ұшақ апатқа ұшырады. Бұл - Azerbaijan Airlines әуекомпаниясына тиесілі Эмбраер 190 ұшағы. Алдын ала ақпарат бойынша ұшақ бортында 67 адам, оның ішінде 5 экипаж мүшесі болған.
Сіздің реакцияңыз қандай?