Ұшақ апатын тергеу қай елдің құзыретінде болатыны белгілі болды
Үкімет басшысының орынбасары Қанат Бозымбаев Ақтау маңындағы әуе апатын тергеу жұмыстары Қазақстан юрисдикциясында екенін және Бас прокурордың қатаң бақылауында болатынын айтты.
— Барлық тергеу Қазақстан Республикасының юрисдикциясында болады. Әуе апаты Қазақстан Республикасында болды, барлық тергеу Бас Прокурордың қатаң бақылауында. Бұл туралы Мемлекет Басшысы тиісті тапсырмалар берді, — деді Қ. Бозымбаев Ақтау қаласында өткен баспасөз мәслихатында.
Қазіргі уақытта тергеу ҚР Қылмыстық кодексінің 344-бабының 3-бөлігі — «Көлік құралдарын пайдалану қауіпсіздігі ережелерін бұзу, адамдардың өліміне әкелу» бабы бойынша жүргізілуде. Оқиға орнында тергеушілер, криминалистер және авиация саласының мамандары жұмыс істеп жатыр. Куәгерлерден жауап алынып, қажетті сараптамалар тағайындалуда.
— Жедел-тергеу тобы тарапынан қажетті іс-шаралар жүргізілуде. Біріншіден, оқиға орнын қорғау қамтамасыз етілді, барлық қажетті сараптамалар тағайындалды. Қазір ішкі істер органдарының қызметкерлері жұмыс істеп жатыр, — дейді Ішкі істер вице-министрі Санжар Әділов.
Сіздің реакцияңыз қандай?