130 баланың өмірін сақтап қалған полицейдің оқиғасы
«Qazaqstan» телеарнасының жаңа маусымдағы ең басты жобасы - «Жақсылық жаса» бағдарламасы көрермендерге жол тартты. Жоба мақсаты – қоғамда түрлі ерлік істерімен танылған ел азаматтарын насихаттау әрі көрерменді бүгінгі күннің батырларынан үлгі алуға шақыру.
Бағдарламаның алғашқы шығарылымы қарағандылық полиция қызметкері Қайрат Жұмабековке арналды. Оқиға 2008 жылдың 30 мамырында болған. 130 бала мінген 3 автобус Астанадан Қарағандыға Жол полициясының бақылауымен қайтып келе жатады.
Осы кезде қарсы беттен келе жатқан көлік пен автобустың соқтығысуына жол бермеу үшін Полиция сержанты Қайрат Жұмабеков өз өмірін құрбан етеді. Бағдарламаға Қайрат Жұмабековтің жары мен ұлы қонаққа келді.
16 жыл бұрын Қайрат Жұмабеков аман алып қалған балалар студияға келіп, марқұмның отбасына алғыс білдірді. Айсұлу, автобуста аман қалған балалардың бірі: «Жол апаты болған кезде мен автобустардың бірінде болған едім. Ол кезде 14 жастамын. Бұл оқиға кеше болған сияқты есімде қалып қойды. Қайрат аға өлім қаупі төніп тұрса да, табандылық танытты. Ол кісінің отбасы, балаларының алдында алғысымды білдіремін. Өмір бақи борыштармыз деп есептеймін».
«Жақсылық жаса» эфирінде ерлікпен қаза тапқан Қайраттың ұлы Ғалым Жұмабеков те әкесі жайлы естеліктерін бөлісті. Ғалым әкесі жол апатынан қаза тапқанда небары 6 жаста болған. Бүгінде ол әке жолын қуып, Ішкі істер органдарында қызмет атқарады.
«Әкем қайтыс боларынан бір күн бұрын: «Балам, осы шаңырақтың иесі сенсің», - деген еді. Келесі күні ерлікпен қаза тапты. Жұмысы қандай қиын болса да, отбасына барынша көңіл бөліп, бізді мейіріміне бөлеп өсірді», - деп еске алды.
Бағдарлама барысында Қайрат Жұмбаековтың еш жерде айтылмаған тағы бір ерлігі жарияланды. Бұл туралы әріптесі Сымбат Төребеков бөлісті.
«Қыстың аязды күнінде бір автобус жолда қалып қойған. Қайрат сол қиын кезде әріптесімен бірге жолаушыларға көмектескен. Жақын маңдағы дәмханаға 51 жолаушыны өз көліктерімен жеткізген. Қайрат осындай ерлік жасап, тағы да 51 адамды құтқарған еді», - деп еске алды марқұмның әріптесі.
Жобада «Жақсылық жаса» энциклопедиясы таныстырылды. Бұл кітапта бағдарламаға арқау болған кейіпкерлердің есімдері жазылады.
Жаңа бағдарлама «Qazaqstan» арнасынан әр жұма сайын 21:25-те тікелей эфирде өтеді.
Сіздің реакцияңыз қандай?