Қазақстан аумағында АЭС салу мәселесінде Ресей тарапының жәрдем беру ұсынысын жоғары бағалаймыз - Тоқаев

Қараша 8, 2023 - 09:01
Қараша 10, 2023 - 00:17
Қазақстан аумағында АЭС салу мәселесінде Ресей тарапының жәрдем беру ұсынысын жоғары бағалаймыз - Тоқаев

Қазақстан аумағында АЭС салу мәселесінде Ресей тарапының жәрдем беру ұсынысын жоғары бағалаймыз. Әйтсе де АЭС құрылысы жөніндегі түпкілікті шешім референдум қорытындысы бойынша қабылданады. Бұл туралы президент Қасым-Жомарт Тоқаев ресейлік “Известия” басылымына берген сұхбатында мәлім етті, деп хабарлайды sadaqmedia.

Газет тілшісі Қасым-Жомарт Тоқаевқа Ресей президенті Владимир Путиннің Қазақстанға сапары, екі елдің ынтымақтастығы, мұнай тасымалы, “орыс тілі” ұйымы туралы сұрақ қойған.

Соның ішінде “мұнай-газ және бейбіт мақсатта қолданылатын атом салаларындағы ықпалдастықтың даму перспективалары қандай?” деген сұраққа жауар берген Тоқаев атом электр станциясының құрылысына қатысты ойын айтқан.

“Қазақстан мен Ресейдік аумағы арқылы тасымалданатын мұнайдың үлесі айтарлықтай зор. Қазақстан мұнайының 80 пайызға жуығы Ресей аумағы арқылы (Каспий құбыр желісі консорциумы) сыртқы нарыққа экспортталады.

Сол сияқты Ресей мұнайы Қазақстан аумағы арқылы ҚХР-ға жеткізіледі. 2033 жылға дейінгі кезеңде 100 миллион тоннадан астам Ресей мұнайын тасымалдау жоспарланып отыр.

Бейбіт мақсатта қолданылатын атом саласындағы ықпалдастық – энергетикалық ынтымақтастығымыздың негізгі бағытының бірі. Елімізде АЭС салуға қатысты түрлі пікір айтылып жүр. Бір жағынан, Қазақстанның атом энергетикасын дамыту әлеуеті мол. Еліміз табиғи уран өндіру көлемі жөнінен әлемде бірінші орын алады. Сондай-ақ ядролық отын компоненттерін өз елімізде өндіреміз және уранды изотопты байыту жөніндегі қызметтерге қол жеткізе аламыз. Үлбі металлургия зауытының базасында Қытайдың атом электр станциялары үшін дайын ядролық отын шығарылады. Екінші жағынан, көптеген азаматтар мен сарапшылар атом станциясының қауіпсіздігіне күмән келтіреді. Семей ядролық сынақ полигонының ауыр қасіретін ескерсек, мұны түсінуге болады. Қазақстан аумағында АЭС салу мәселесінде Ресей тарапының жәрдем беру ұсынысын жоғары бағалаймыз. Әйтсе де АЭС құрылысы жөніндегі түпкілікті шешім референдум қорытындысы бойынша қабылданады”,-деді Тоқаев.

Президенттің “Известия” газетіне берген сұхбатының толық нұсқасын Ақорда сайтынан оқи аласыздар.

Сіздің реакцияңыз қандай?

like

dislike

love

funny

angry

sad

wow