Абайдың 180 жылдығына орай құрбандыққа түйе шалған әкімдік сынға қалды

Тамыз 21, 2025 - 17:08
Абайдың 180 жылдығына орай құрбандыққа түйе шалған әкімдік сынға қалды
Фото: abaiaqparatkz Instagram парақшасынан алынды

Абай облысында қазақтың бас ақыны Абай Құнанбайұлының рухына бағышталып түйе малы құрбандыққа шалынды. Алайда ірі қараны құрбандыққа шалу желі қолданушылары арасында қызу талқыға түсті. Бұл туралы sadaq.kz сайты Stan.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды. 

Түйенің құрбандыққа шалынғанын Абай ауданының әкімдігі Instagram парақшасында хабарлаған. Онда “Абай Құнанбайұлының рухына бағышталып түйе малы құрбандыққа шалынды” деп жазылған. Ал мұны желі қолданушылары жабайылыққа балап, түйенің құрбандыққа шалынуын жануарларға жасалған қатыгездік деп бағалады. 

"Байғұс жануар. Абайды еске алу құрбандық шалу емес, оның шығармашылығын есте сақтау, құрметтеу және зерделеу", "Бұл жабайылық, тура орта ғасырларға кері кетіп бара жатқандай әсер қалдырады. Осы қарқынмен кете берсе, адамды да құрбандыққа шалуға таяп қалатын сияқты. Әркімнің өз сенімі бар, бірақ мұндайды жұрттың көзінше жасауға болмайды", "Құрбандық шалды, жеді, ары қарай не болады? Нәтижесінде соғыс тоқтай ма, жаңбыр жауа ма немесе халық жақсы өмір сүре ме? Құрбандықтың мақсаты не өзі?", "Түйені құрбандыққа шалады дегенді бірінші рет естіп тұрмын. XXI ғасырда өмір сүріп жатырмыз, ал олар әлі жабайы дәстүрді ұстанып жүр", – деп жазды желі қолданушылары. 

Аталған жағдайға қатысты мән-жайды сұрау үшін Абай облысы әкімдігіне хабарласып көрген едік, жауап бермеді. Ресми сауал жолданды. 

Сіздің реакцияңыз қандай?

like

dislike

love

funny

angry

sad

wow