«Адам төзгісіз баспана»: депутат Оралдағы көпбалалы аналар мен тұрғындардың жағдайын көрсетті
Депутат ескі жатақханада тұратын Орал тұрғындарының баспана мәселесін көтерді.
Депутат Нартай Аралбайұлы Орал қаласында 60 жылдан астам уақыт бұрын салынған №15 жатақхананың тұрғындарының жағдайын біліп қайтты, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Тұрғындар жағдайларының адам төзгісіз екенін айтып, жатақхананы көрсетіп шықты. Бөлме деген аты ғана бар баспанадағы тұрғындар қиындығын, су мен жылудың тоқтағанын айтты. Олардың арасында көпбалалы аналар да бар.
1964 жылы салынған, 138 бөлмелі бұл жатақхана ресми түрде апатты деп танылған. Тұрғындардың қолында бұл мәртебені растайтын барлық құжат бар.
«2025 жылдың шілдесі. Оралдағы қабылдауыма бір топ адам келді. Қаладағы 15-ші жатақхананың тұрғындары екен. «Бөлме деген аты болмаса не жылуы, не суы жоқ адам төзгісіз мекенде қалдық» деп ашынып келді. Сол сәтте қала әкімінің орынбасарына дереу шара қолдану керегін айттым», — деп баяндады депутат Нартай Аралбай.
![]()
Бейнежазбада депутат Нартай Аралбайұлы әкімге: «шешімін қарастырсын деп тағы бір мәрте тапсырайын» деді.
Депутат өзінің Facebook парақшасында бүгін барып қайтқанын, су мен жылудың реттелгенін жазды. Дегенмен бейнежазбада сол жерде тұратын әйел судың тағы қатып қалғанын айтты.
Ал әкім туралы ол «қолынан келгенін істеп жатқанын, жылуды жөндегенін» айтып, кінә артпады. Депутат бұл жерде тұру мүмкін емес екенін атап өтіп, ең болмағанда 1 жыл ішінде көшіру қажет екенін айтты.
«Көшіру мәселесі көпке созылып кетіпті. Орал қаласы әкімдігі бар, Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі бар үш жақтап күш саламыз. Елді көшірмесе болмайды. Ең болмағанда 1 жыл ішінде. Себебі мұнда тұру мүмкін емес. Осы жұмыс басты міндет, барынша тырысамыз», — деп түйіндеді депутат.
Сіздің реакцияңыз қандай?
Ұнады
0
Ұнамады
0
Керемет
0
Күлкілі
0
Сұмдық
0
Қайғылы
0
Жарайсың
0