АҚШ Қазақстанға қатаң шарт қойды

АҚШ президенті Дональд Трамп АҚШ-қа келетін импортқа баж салығын енгізетінін мәлімдеді. 14 елдің тізімінде Қазақстан да бар.
7 шілде күні АҚШ президенті Дональд Трамп әлеуметтік желідегі Truth Social парақшасында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа жолдаған хатының суретін жариялады, деп хабарлайды sadaq.kz.
АҚШ-қа жеткізілетін тауарларға қатысты республикаға 25% көлемінде баж салығы салынады. Дональд Трамптың сөзіне қарағанда, Қазақстан да жаңа сауда тарифтеріне іліккен мемлекеттердің қатарында. Егер тараптар 9 шілде, Вашингтон уақытымен түнгі 12:01-ге дейін екіжақты келісімге келе алмаса, қосымша салық күшіне енеді.
«Сізге бұл хатты жолдау мен үшін үлкен құрмет. Өйткені бұл сауда қатынастарымыздың беріктігін және АҚШ-тың Қазақстанмен ынтымақтастықты жалғастыруға дайын екенін көрсетеді, тіпті екі ел арасындағы айтарлықтай сауда тапшылығына қарамастан», делінген АҚШ президенті қол қойған, Қазақстан президентінің атына жолданған хатта.
Трамптың пікірінше, Қазақстанның тарифтері, тарифтік емес шаралары, саясаты және сауда кедергілері тудырған ұзақмерзімді әрі тұрақты сауда теңгерімсіздігін жою қажет.
«2025 жылдың 1 тамызынан бастап біз АҚШ-қа импортталатын барлық қазақстандық тауарларға 25% мөлшерінде тариф енгіземіз. Бұл тариф салалық тарифтерден бөлек есептеледі. 25% — бұл біздің елдер арасындағы сауда теңгерімсіздігін жою үшін қажет мөлшерден әлдеқайда аз екенін ескеруіңізді сұраймын», - деп жазады Трамп.
Сонымен қатар, хатта «егер Қазақстан немесе қазақстандық компаниялар АҚШ аумағында тауар өндіретін болса, ешқандай тарифтер салынбайды» деп нақты көрсетілген. Ал егер Қазақстан өз тарапынан кедендік алымдарды көтеретін болса, ол 25%-ға қосымша ретінде есептелетіні ескертілген.
Трамптың пікірінше, «бұл тарифтер Қазақстан тарапынан келген көпжылдық бұрмалануларды түзету үшін қажет» және ол Тоқаевты осыны түсінуге шақырады.
Бұған дейін Қазақстанның сауда министрлігі баж салығын енгізу қазақстандық экспортқа айтарлықтай әсер етпейтінін мәлімдеген.
Сіздің реакцияңыз қандай?






