АҚШ-тың бір штаты Трампты сотқа берді

АҚШ-тың Орегон штатының билігі Ақ үй басшысы Дональд Трамп пен Қорғаныс министрі Питер Хегсетке қарсы сотқа шағым түсірді. Себебі ел президенті қалаға әскер кіргізуге бұйрық берген, деп хабарлайды sadaq.kz сайты DW агенттігіне сілтеме жасап.
Портленд қаласында иммиграциялық саясатқа қарсы акциялар өтті. Трамп наразылықтарды басу үшін қалаға әскер жіберуге бұйрық берген.
28 қыркүйекте Орегон штаты мен оның ең ірі қаласы Портленд АҚШ билігіне қарсы сотқа шағым түсірді. Өтініште Трамп әкімшілігі ел Конституциясының нормаларын бұзып, штаттың Ұлттық гвардиясын федералды қызметке тарту арқылы өз өкілетін асыра пайдаланды делінген.
Шағымда жауапкерлер ретінде АҚШ президенті Дональд Трамп, Қорғаныс министрі Питер Хегсет, Ішкі қауіпсіздік министрі Кристи Ноэм және тиісті министрліктер көрсетілген. Бұған дейін Хегсет 200 сарбазды 60 күнге федералды қызметке шақыру туралы меморандум жариялаған болатын.
Ал Трамп 27 қыркүйекте Портлендке әскер жіберу туралы шешім қабылдап, қаланы "соғыс өрті шарпыған" деп атады. Оның айтуынша, шаһардағы иммиграция және кеден қызметінің нысандары "ішкі террористердің" қоршауында қалды. Ақ үй президенттің осы шешімі арқылы қалада тыныштық орнайды деп пайымдаған.
Сіздің реакцияңыз қандай?






