«Алагөзова, Сәтжандардың түрі қазақ болғанымен, жан дүниесі орыс» – тарихшы (ВИДЕО)

Қараша 24, 2025 - 12:22
«Алагөзова, Сәтжандардың түрі қазақ болғанымен, жан дүниесі орыс» – тарихшы (ВИДЕО)
Фото: видеодан кадр

Кеңес Одағынан ыдырап, Тәуелсіздік алғалы 34 жылды. Алайда, өкінішке қарай Ұлттық мүдде, ұлттық идеологияны толық қалыптастыра алмаған секілдіміз. Бүгінгі таңда біз ұлттан айырылу жағдайындамыз. Бұл туралы тарих ғылымдарының кандидаты Жұмамұрат Шәмші Qasqa Jol YouTube-арнасына берген сұхбатында айтты, деп жазды sadaq.kz.

«Жасыратыны жоқ, біздің елде еңбектеген баладан, еңкейген қарияға дейін орыс тілінде сөйлейді. 34 жыл бойы ұлттық идеологияны мықтап қалыптастырудың орнына, жоюға дейін әкелген неткен елміз деймін. Идеологиялық өктемдіктің зардабын түркі тілдес халықтардың ішінен әсіресе қазақ халқы қатты тартты. Ассимиляция мен аккультурация қарқыны жағынан қазақ елі құрлықтың қай пұшпағынан да кем түспеді. КСРО-нің энциклопедиялық сөздігінде «ассимиляция-это слияние одного народа с другим с утратой одной из них своего языка, культуры и национального самосознания» деп жазылыпты. 1940 жылға дейін қазақ әліпесін бір емес, екі рет ауыстырып жіберді, әдейі халықты өз тарихынан мақұрым қылдыру үшін, кейінірек мүлдем өз-өзінен жатырқайтын ұрпақ өсіп жетілді. 1992 жылы 43 жасында дүниеден озған Жәнібек Кәрменов, Жұмабек Тәшенов ағаларымыз секілді ұлдар қазір жоқ арамызда. Ол кісілерде батылдық, ұлттық намыс деген дүниелер мықты еді. Оны мойындау керек. Еліміздің 5  облысын сол кісілердің арқасында алып қалдық. Тайқазанды әкелді, Наурызды қайта тойлатты, ұлттық тілді көтерді, неткен мықтылық деймін кейде. Ал қазір ше? Депутаттар мен министрлердің өздері елде қызмет еткенімен, отбасы, әйел бала-шағасы шетел асып кеткен, Еуропада тұрады. Қаншалықты әділетті? Бұл трагедия.

Былай алып қарасаңыз, өткен тарихты қанша қазбаласаң да, кімді оқыма бәрінің бас қатыратыны болашақ ұрпақтың тәрбиесі. Біздің эрамыздан 2 мың жыл бұрын өмір сүрген Сократтың өзі «болашақ ұрпағымыздың тағдыры не болады. Мен олардан қорқамын», деп кеткен», - дейді ол.

Тарихшының айтуынша, қазір қазақ боп туғанына өкінетіндер көбейген. Орыс тілінде шүлдірлеп, қазақ тілін менсінбейтіндер басым.

«Ал біздің Димаш баламыз мен-мен деген американдықтардың өзін қазақ тілінде сөйлетіп қойды. 90 мың адамды жинап, қазақ тілінде амандасып, ағылшын тілінде де қазақ тілінде де ән айтты. Қандай керемет! Енді бұл идеологияны қайта қалыпқа келтіру үшін қыруар жұмыс керек. Ұлттың болмысы, салт-дәстүрі, санасы, әдеп-ғұрпы бәрі-бәрі тіліне байланысты. Тіліңнен айырылдың -бәрінен айырылдың. Ішің қан жылайды», дейді ол.

Сіздің реакцияңыз қандай?

like

dislike

love

funny

angry

sad

wow