Алматы облысында алаяқтар бір жыл бұрын ауыр дерттен қайтыс болған баланың атынан ақша жинаған
Алматы облысында алаяқтар бір жыл бұрын ауыр дерттен көз жұмған баланың атын пайдаланып, ақша жинаған. Баласынан айырылып, қайғыға батқан ана алаяқтарды жазалауды сұрап отыр, деп хабарлайды "Астана" арнасы.
Оңласын Асылбаеваның ұлы бір жыл бұрын ауыр дерттен көз жұмған. Кенжесінен айырылып қалған ана енді ғана өзіне өзі келе бастағанда, тағы қиналып отыр. Алаяқтар марқұм Диастың есімін пайдаланып, ақша жинаған.
"18 қараша түннің жарымында қызым қоңырау шалып тұр. "Мама мына видеоны қарашы" деп. Сонда менің балам, өлген баламның атынан жылу жинап отыр. Қайдағы біреулер сбор ашып, баламның жанын қинап жатыр. Таң атқанша ұйықтаған жоқпын. Жатсам, баламның бейнесі көз алдыма келе береді", - дейді Оңласын Асылбаева.
Небәрі он екі жасында өмірмен қоштасқан Диас аурумен үш жыл арпалысыпты. Түркияда ем алған. Көпбалалы ана өмірге құштар болған баласының жеті отаны да еңсеріп, соңына дейін үміт үзбегенін айтады. Отандық дәрігерлер дұрыс диагноз қоймағандықтан, баламнан айырылып қалдым дейді. Енді алаяқтардың Диастың есімін пайдаланып пайда тауып жүргені оның жүрегіне тағы қаяу салып отыр. Полицияға арыз жазған, іс қозғалды.
"Факті бойынша полиция қызметкерлері оқиғаның барлық мән-жайын толық, жан-жақты және объективті зерттеу мақсатында процессуалдық тексеру жүргізіп жатыр. Іске қатысты қолданыстағы заңнама аясында шешім қабылданатын болады", - дейді облыстық полиция департаментінің ресми өкілі Ернар Сайдильдин.
Қайғыдан қан жұтқан ана тиісті мекемелерге бірнеше рет арыз жолдаған. Алайда жауапты органнан "медицина қызметкерлерінің тарабынан кемшілік анықталмады" деген жауап алыпты. Ең болмаса, қыршын кеткен құлынымның атын пайдаланып алаяқтық жасағандар жазаға тартылсын дейді ол.
Сіздің реакцияңыз қандай?