Алматыда есірткі қылмысына қарсы күрес департаменті басшысының орынбасары ұсталды
Асқар Жетегенов синтетикалық есірткілерді өндіруге қатысы бар деген күдікке ілінген.
Алматыда есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бұрынғы орынбасары, полиция департаментінің экс-орынбасары Асқар Жетегенов ұсталды деген ақпарат тарады.
Журналист Михаил Козачков желідегі арнасында полиция департаментінің экс-орынбасары Асқар Жетегеновтің синтетикалық есірткілерді өндіруге қатысы бар деген күдікке ілінгенін жазды.
Мәліметтерге сенсек, Жетегенов бұған дейін аттестациядан өтпей, құқық қорғау органдарынан жұмыстан шығарылған.
Алматы полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек редакцияға экс-полицейдің ұсталғанын растады.
"Алматы қалалық полиция департаменті, аталған қызметкердің биыл қазан айында ішкі істер органдарынан шығарылғанын хабарлайды. Ол жұмыстан кезектен тыс аттестаттаудан кейін босатылды. Осы істің барысында ол лауазымына сай емес деп танылды. Ішкі істер органдарындағы жұмыс әр қызметкерден жоғары кәсібилікті және жеке адалдықты талап ететінін атап өтеміз", – деді Салтанат Әзірбек.
Оның айтуынша, ішкі істер министрлігі қызметтің ашықтығы мен жоғары стандарттарын қамтамасыз ете отырып, өз қатарын адал емес қызметкерлерден жүйелі түрде тазартады.
Сіздің реакцияңыз қандай?