«Арқа сүйерім, қалқаным»: Нұрғали Нүсіпжанов жас әйеліне жылы сөздерін жаудырды (ВИДЕО)
Кеше ғана кезекті жасын атап өткен халық сүйіктісі Нұрғали Нүсіпжанов әлеуметтік желідегі парақшасында өмір жолына қатысты жүрекжарды жазба жариялады, деп хабарлайды sadaq.kz.
Өнер иесі өткен жылдарды еске алып, шығармашылық тағдырына ерекше әсер еткен тұлғаларды атап өтті. Оның айтуынша, өміріндегі ең үлкен олжасы — ұлы адамдардың тәлімін көруі.
"Талант пен тағдыр тоғысқан талай алыптардың қасында жүріп, тәлім алдым. Алғашқы бақытым — Ахмет Жұбановтың шәкірті атануым. Екінші бақытым — Дінмұхаммед Қонаевтай дара тұлғаның ықыласына бөленуім. Үшінші бақытым — студент кезімде Шәмші Қалдаяқовтың әндерін алғаш орындағандардың бірі болдым. Ал төртінші, еңселі бақытым — Нұрғиса Тілендиевпен жарты ғасырдан астам достықта болдым", — деп жазды әнші.
Ол Нұрғиса Тілендиевтің өзіне айтқан жылы сөздерін кез келген марапаттан биік қоятынын ерекше атап өтті.
Сонымен қатар өнер иесі өміріне мән берген асыл азаматтарға мәңгілік тағзым ететінін, ұлы ұстаздарын сирек жаратылған ғұламаларға теңейтінін жеткізді.
"Мен сол ағалардың аманатын арқалап қалған адаммын. Бақытымды да, бағымды да еңбектен тапқан ермін, еліммен біргемін – жұртымның ортасындамын. Теңіз ойдың түбінен сөз маржанын терген серігім бар. Ауырғанда арқа сүйер, қиналғанда қалқан болар адамды бұйыртқан Аллаға тәубәмді қабыл алып, иманымды беріктегені үшін қарыздар қазақпын. Бүгінім үшін Аллаға шүкір етемін, болашағым үшін де Аллаға тәуекел етемін. Қара орман қазағым аман болсын, Алла-Тағаллам алты алашты іштегі даудан, сырттағы жаудан сақтағай. Менің барым да, нарым да өздеріңіз, айналайын ағайындарым, тілеулестерімді іні, қарындастарым деп қабылдаған адаммын бір сөзбен айтқанда мен халқыммен баймын", – деп жазды Нұрғали Нүсіпжанов.
Ал оқырмандары өнер иесін 89 жасқа толуымен құттықтап, тілектерін арнады.
Сіздің реакцияңыз қандай?
Ұнады
0
Ұнамады
0
Керемет
0
Күлкілі
0
Сұмдық
0
Қайғылы
0
Жарайсың
0