Астрономдар 10 миллиард жыл бұрынғы радиожарылысты анықтады
Ғалымдар 10 миллиард жылдан астам уақыт бойы ғарышта сапар шеккен ең алыс жылдам радиожарылысты тіркеді. Бұл құбылыс әлемнің ерте кезеңінде пайда болған.
Астрономдар Жерден 10 миллиард жарық жылынан астам қашықтықтағы галактикадан шыққан жұмбақ радиожарылысты тіркеді. Бұл – бұрын-соңды байқалған ең алыс жылдам радиожарылыс (FRB).
The Guardian басылымының хабарлауынша, жарылыс әлемнің небәрі 3 миллиард жыл жасында пайда болған, яғни ол ғарыш тарихының шамамен 80 пайызын басып өткен.
FRB 20240304B деп аталған бұл құбылыс Оңтүстік Африкадағы MeerKAT радиотелескопымен анықталды, ал оның шыққан галактикасы NASA-ның James Webb ғарыш телескопы арқылы табылды.
Жұмбақ сигналдардың сыры
Жылдам радиожарылыстар – миллисекунд ішінде Күннің айлар немесе жылдар бойы шығаратын энергиясына тең энергия бөлетін қарқынды радиотолқындар. Олар алғаш рет 2007 жылы ашылған, содан бері 10 мыңнан астамы тіркелді.
Ғалымдардың айтуынша, бұл жарылыс жұлдыздарды өте жоғары жылдамдықпен құрайтын, металлы аз, жас әрі кішкентай галактикадан шыққан.
FRB-лердің көзі әлі белгісіз, бірақ негізгі болжам – олар күшті магнит өрісі бар нейтрондық жұлдыздардан (магнетарлардан) пайда болады. Сидней университетінің ғалымы Темия Нанаяккара: "Бұл жарылыс пайда болған кезде Жер де, Күн де жоқ еді", – деді.
Бұл жаңалық FRB-лердің ерте ғаламда кең таралғанын көрсетеді және болашақта олардың көмегімен ғарыштағы көрінбейтін материяны картаға түсіруге мүмкіндік береді.