«Ауылдың шетіне апарып, ұрып-соқты»: Өз ұлдарынан қорлық көрген қария елден жәрдем сұрады (ВИДЕО)
Жетісу облысы Ақсу ауданында екі ауыл тұрғыны өз әкесін ұрып-соқты және қорлады деген күдікке ілінді, деп хабарлайды Sadaq.kz.
Оқиға Ақсу ауданындағы ауылдардың бірінде тіркелген. 62 жастағы жергілікті тұрғын әлеуметтік желі арқылы қазақстандықтардан көмек сұрады. Ер адамның айтуынша, ол ұзақ уақыт бойы есейген екі ұлының тарапынан қорлық көріп келеді. Олар әкесінен ақша талап етіп, ұрып-соғады екен.
“Менің төрт ұлым бар. Соның екеуі өз отбасымен бірге мен тұратын ауылда тұрады. Дәл солар менен үнемі көмек, көбіне ақша талап етеді. Қазір заман қиын, менде ақша қайдан болсын? Қолымнан келгенше өсірдім, оқыттым, екеуі де есейген, өз алдына бөлек азаматтар. Қыстың басында кезекті жанжалдан кейін ұлдарым мені ауылдың шетіне апарып, ұрып-соғып, жыртылған киіммен, аяғымда тек үй шәркейімен тастап кетті. Әупірімдеп үйге жеткен соң бір айға жуық ауырып жаттым”, – дейді қария.
Мәліметке сәйкес, ол 2013 жылы отбасымен бірге Қытайдан Қазақстанға қоныс аударған. Қазір ауылдағы шағын шеберханада етікші болып жұмыс істейді. Оның айтуынша, ұлдары ұрып-соғумен қатар, жұмыс орнында да әдейі тәртіпсіздік жасап, терезелерді сындырып, құралдарын, ақшасын, телефоны мен құжаттарын тартып алады.
Қария бірнеше рет полицияға шағымданған. Құқық қорғау органдары екі ұлын жауапкершілікке тартқан. Олар сот шешімімен бір айға дейін қамауда болған. Алайда бостандыққа шыққан соң, соттың қорғау нұсқамасына қарамастан, әкелеріне көрсетілетін қысым тоқтамаған.
“Шарасыздықтан көмек сұрап отырмын. Мұндай жағдайдың ұят екенін түсінемін. Сонда мен қандай күнә жасадым, осындай қорлыққа төзуім керек пе? Бір жарым-екі жыл бұрын болған жанжал кезінде үшінші ұлым мені қорғап жүріп, пышақ жарақатын алды. Ал биыл ақпанда екі ұлым мені буындырып, бетімнен ұрып, қолымды қайырып жатты. Көрші араласпағанда не боларын білмеймін. Қазір екеуі тағы да қамауда. Бірақ олар босап шыққанда не боларын ойласам, қорқамын”, – дейді ол.
Қазір қария өзінен тартып алынған құжаттарын (паспорт пен жеке куәлігін) іздестіріп жүр. Оның айтуынша, құжаттарды ұлдарының бірі алып қойған. Осыған байланысты ол полициядан құжаттарын қалпына келтіруге көмек сұраған.
Полиция мәліметінше, ұрып-соғу фактісі бойынша қозғалған қылмыстық іс барысында бұл әрекеттерді оның 31 және 34 жастағы екі ұлы жасағаны анықталған. Сот үкімімен олар кінәлі деп танылып, әрқайсысына қамау жазасы тағайындалған. Сонымен қатар сот олардың мінез-құлқына 3 ай мерзімге ерекше талаптар белгілеп, жәбірленушіге жақындауға тыйым салған. Қазір күдіктілер қамауда отыр. Бостандыққа шыққан соң олар профилактикалық есепке алынады.
Сіздің реакцияңыз қандай?
Ұнады
0
Ұнамады
0
Керемет
0
Күлкілі
0
Сұмдық
0
Қайғылы
0
Жарайсың
0