«Аяққа тұрып кетуіне 80 пайыз кепілдік бар»: Әскерде комаға түскен Ербаян Мұхтарды ата-анасы Германияда емдетпек

Қыркүйек 17, 2024 - 15:45
Қыркүйек 18, 2024 - 00:46
«Аяққа тұрып кетуіне 80 пайыз кепілдік бар»: Әскерде комаға түскен Ербаян Мұхтарды ата-анасы Германияда емдетпек

Былтыр желтоқсанда әскерде жүргенде жұмбақ жағдайда басы жарылып, төсек тартып қалған Ербаян Мұхтар жуық арада Германияда емделуі мүмкін. Бұл туралы 17 қыркүйекте оның ата-анасы мен заңды өкілі Инга Иманбай Астанада өткен баспасөз мәслихатында хабарлады, деп жазады Azattyq. Ербаянның жақындары Еуропадан қандай клиника таңдағанын әзірге айтпады, сол жаққа жеткенде хабарлаймыз деді.

Үй ішінің айтуынша, қазір жол мәселесі қиындық туғызып тұр. Олар санавиацияны қолдану бойынша денсаулық сақтау министрлігінен көмек сұраған.

– Ұшып баруға өзіміз ақша шығаратын болсақ, халық жинап берген қаржының жартысы соған кетейін деп тұр. Содан ем-домды толық ала алмай қаламыз ба деген қорқыныш бар, – деді Ербаянның әкесі Хамит Айтмағамбетов.

Ербаянның әкесі желіде де көпшілік "емге қажет қаржы жиналды, шетелде емдетуге неге апармай жатсыңдар?" деп сұрап жатқанын айтты. Оның сөзінше, Ербаянның құжаты әлі дайын емес.

– Денсаулық сақтау министрлігі [Ербаянның ісін] қолға алғаннан кейін, үйге дәрігерлер келіп, тексерді. Олар баланы ұшыруға әлі ерте, жолға дайындау керек деп айтты", – деді ол.

Хамит Айтмағамбетов пен олардың заңды өкілі Инга Иманбай баспасөз мәслихаты алдында денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназаровамен кездескенін мәлімдеді, министр санавиация мәселесін шешуге тырысамын, 10-15 күн күту керек деп жауап берген.

Ербаянның ата-анасының айтуынша, оның диагнозы мен медициналық көрсеткіштерін зерттеген неміс дәрігерлері оның аяқтан тұрып кетуіне 80 пайыз кепілдік берген. Әкесі қазір Ербаянның жағдайы жаман емес деді.

Instagram әлеуметтік желісінде Ербаянға арналған парақша ашылып, жақындары оның еміне көмектесуді сұрады. Жас жігіттің төсек тартып жатқан видео-фотосы желіде көп тарап, жұрт анасының шотына жаппай ақша аудара бастады. Қазір Ербаянның еміне 230 млн теңге (480 мың АҚШ доллары) жиналған.

Бірер күн бұрын ұлттық ұлан бас қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары Қайрат Үмбетов AMANAT партиясы жанындағы жастарды қолдау жөніндегі республикалық кеңес отырысында "Ербаян дәретханаға барғанда жығылып, жарақат алған. Қазіргі жағдайы одан емес" деп мәлімдеген. Үмбетовтің сөзінше, Ербаян емделіп жатқанда өкпесі қабынып, гайморитке шалдыққан.

Жігіттің жақындары бұған келіспейді. Анасы Гүлсім Қамиеваның айтуынша, ұлы бұрын-соңды мұндай сырқатпен ауырмаған.

Сіздің реакцияңыз қандай?

like

dislike

love

funny

angry

sad

wow