«Айыппұл бар» деп көрсетеді»: полиция алаяқтықтың жаңа түрі таралып жатқанын ескертті
Полиция қазіргі уақытта Қазақстан аумағында интернет-алаяқтықтың жаңа түрі таралып жатқанын ескертті, деп хабарлайды sadaq.kz.
ІІМ-нің ведомстволық сайтының жазуынша, алаяқтар мемлекеттік қызметтерге деген сенімді пайдаланып, азаматтардың жеке деректерін заңсыз иемденуді көздейді.
"Аталған схема бойынша азаматтардың ұялы телефондарына ресми мемлекеттік байланыс орталығы нөмірінен хабарлама келіп түседі. Хабарлама мәтінінде сізге әкімшілік айыппұл салынғаны туралы ақпарат беріліп, оны тексеру немесе төлеу үшін сілтеме ұсынылады. Бір қарағанда ұсынылған сілтеме ресми мемлекеттік порталға ұқсас болып көрінеді. Алайда бұл – жалған сайт. Алаяқтар арнайы жалған интерфейс жасап, оны "eGov порталы" секілді етіп безендіреді. Ең қауіптісі: аталған жалған сайтта кез келген көлік нөмірін немесе ЖСН-ды енгізсеңіз де, жүйе автоматты түрде "айыппұл бар" деген жалған ақпарат көрсетеді. Бұл – қолданушыны алдап, сенімін арттыру үшін жасалған айла", - деп жазады басылым.
Басылымның мәліметінше, одан әрі "төлеу" батырмасын басқан жағдайда, сайт сізден банк картасының толық деректерін енгізуді сұрайды. Бұл мәліметтер алаяқтардың қолына түскен сәтте, сіздің қаражатыңыз заңсыз шешіліп алынуы мүмкін.
"Алаяқтықтың басты белгісі – қате дерек енгізгеніңізге қарамастан, жүйенің "айыппұл бар" деген жалған нәтиже көрсетуі. Бұл – азаматтарды шатастырып, шұғыл түрде "айыппұл төлеуге" итермелеу үшін жасалған психологиялық тәсіл", - деп жазады басылым.
Осы орайда полиция мемлекеттік органдар SMS арқылы жеке немесе банк деректерін енгізуді талап етпейтінін, айыппұлдар тек сенімді платформалар арқылы тексерілетінін, күмәнді сілтемелерге өтпеу – жеке қауіпсіздіктің басты шарты екенін еске салады.
"Айыппұлдарды тек ресми көздер арқылы тексеруге кеңес береміз. Қауіпсіздік шаралары: күмәнді сілтемелерді ашпаңыз, жеке деректеріңізді бөгде сайттарға енгізбеңіз, белгісіз хабарламаларға сенбеңіз, әсіресе олар шұғыл әрекет етуді талап етсе. Мұндай жағдай болса, дереу құқық қорғау органдарына хабарласыңыз. Полиция азаматтарды цифрлық қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға шақырады. Сақтық – алаяқтықтың алдын алудың ең тиімді жолы", - делінген хабарламада.
Сіздің реакцияңыз қандай?
Ұнады
0
Ұнамады
0
Керемет
0
Күлкілі
0
Сұмдық
0
Қайғылы
0
Жарайсың
0