Ақырғы рейс: Бакуден Грозныйға бет алған ұшақ Осетияға не үшін барған?

Желтоқсан 26, 2024 - 10:52
Желтоқсан 26, 2024 - 11:22
Ақырғы рейс: Бакуден Грозныйға бет алған ұшақ Осетияға не үшін барған?

Ақтауда апатқа ұшыраған ұшаққа қатысты жұмбақ жайттар көбейіп барады. ҚазТАГ ақпарат агенттігінің хабарлауынша, Azerbaijan Airlines әуе компаниясына тиесілі Embraer ұшағы Ақтау маңында құламас бұрын Солтүстік Осетияның Ардон қаласының үстінен айналып өткен. 

ҚазТАГ дереккөзі Flightradar24 сайтындағы Әзірбайжан әуе жолдарының (AZAL) J28243 жолаушылар ұшағының Қазақстанның Ақтау маңында апатқа ұшырағанға дейінгі бағыты туралы мәліметтерді зерттеп, Бакуден Шешенстандағы Ресейдің Грозный қаласына бет алған ұшақтың кенеттен бағытын өзгертіп, Солтүстік Осетияның Ардон қаласын айналып өткеніне таң қалыс білдірген.

«Flightradar24 картасында ұшақ Махачкала аймағында жоғалып кетеді де 12 минуттан кейін Солтүстік Осетияның Ардон қаласының маңында пайда болып, оның үстінде шеңбер жасап бір айналып өтіп, қайтадан радардан жоғалып кетеді. Бір жарым сағаттан кейін Ақтау маңындағы Каспий теңізінің үстінде пайда болады. Басты сұрақ: ол мұнда не істеп жүр еді? Бұл шын мәнінде Осетия аумағы. Содан кейін бір жарым сағат бойы жоғалып кеткен ол Ақтау облысында пайда болды», - деп жазады ҚазТАГ ақпарат агенттігі дереккөзге сүйеніп. 
Естеріңізге сала кетейік, Әзірбайжан әуе компаниясының Баку-Грозный жолаушылар ұшағы Ақтау әуежайының маңында апатқа ұшыраған болатын.

Апатқа байланысты үкіметтік комиссия құрылды. 
Тиісті қаулыға премьер-министр Олжас Бектенов қол қойды. 
Комиссия құрамына премьер-министрдің орынбасары, Маңғыстау облысының әкімі, Төтенше жағдайлар, Көлік, Сыртқы істер, Ішкі істер, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Денсаулық сақтау министрліктерінің басшылығы, Бас көлік прокуроры кірді.

 Барлық тергеу Қазақстан Республикасының юрисдикциясында болады. Қазіргі уақытта тергеу ҚР Қылмыстық кодексінің 344-бабының 3-бөлігі — «Көлік құралдарын пайдалану қауіпсіздігі ережелерін бұзу, адамдардың өліміне әкелу» бабы бойынша жүргізілуде. Оқиға орнында тергеушілер, криминалистер және авиация саласының мамандары жұмыс істеп жатыр. Куәгерлерден жауап алынып, қажетті сараптамалар тағайындалуда. Жедел-тергеу тобы тарапынан қажетті іс-шаралар жүргізілуде. Біріншіден, оқиға орнын қорғау қамтамасыз етілді, барлық қажетті сараптамалар тағайындалды. Қазір ішкі істер органдарының қызметкерлері жұмыс істеп жатыр, - дейді Ішкі істер вице-министрі Санжар Әділов.

Қонуға әрекет жасамас бұрын, ұшақ Ақтау әуежайының үстінен бірнеше айналым жасаған. Кейін төмендей барып, құлаған сәтте өртенді.

Ұшақ ішінде 69 адам болған. 32 адам аман қалды.

Ұшақ апаты туралы болжам көп. Алғашында құс соғылған деген болжам жасалды. Кейін апатқа ұшыраған ұшаққа дронмен шабуыл жасалған болуы мүмкін деген болжамдар айтыла бастады. 

Сіздің реакцияңыз қандай?

like

dislike

love

funny

angry

sad

wow