«Үш минутта айырылып қалдым»: Бағдат Әшімова жан тебірентерлік жазба жариялады (ФОТО)
Халық әртісі Асанәлі Әшімовтің жұбайы Бағдат Әшімова әлеуметтік желіде жан тебірентерлік жазба жариялады, деп хабарлайды Sadaq.kz.
Өнер иесінің жары жазбасында өмір мен өлімнің арасы бір ғана сәт екенін атап өтіп, жарына деген сағынышын білдірді. Оның айтуынша, Асанәлі Әшімовпен 23 жыл, бір ай, үш күн тату-тәтті ғұмыр кешкен. Құдай қосқан жарынан үш минутта айырылып қалуы Бағдат Әшімоваға ауыр соққы болып тиген.
«Өмір мен өлім арасы қас қағым сәт екен. 23 жыл, 1 ай, 3 күн бірге өмір сүрген Құдай қосқан қосағымнан үш минутта айрылып қалуым ауыр соққы болды. Адамның айтқаны орындалмайды, Алланың қалауына ешкім қарсы тұра алмайды»,– дейді ол.
Аяулы жарын ақтық сапарға қимастықпен шығарып салып, қайғысына ортақ болған барша халыққа алғысын айтты.
«Жан жарымды қанша қимасам да, ел болып, жұрт болып ақтық сапарға шығарып салдыңыздар. Қайғы бөліссе азаяды деп көңіл білдіріп, жұбату айтқан баршаңызға бас иемін.Тірлігінде алақандарыңызға салып еркелеткен едіңіздер, ақтық сапарға да жер қайысар ел жиналып, егіліп шығарып салдыңыздар. Жаназа шығарғанда сапта тұрған адам саны көп болған сайын, сол жандардың алақан жайып Алладан сұраған бата тілектерін Алла қабыл етеді, пейіштен орын береді дейді. Әумин! Әр шаңырақта бақ-береке болсын. Балаларыңыз аман, бауырларыңыз бүтін болсын», – деп жазды Бағдат Әшімова.
Еске салайық, 21 желтоқсан күні Асанәлі Әшімов 88 жасында өмірден өткен еді.
Сіздің реакцияңыз қандай?
Ұнады
0
Ұнамады
0
Керемет
0
Күлкілі
0
Сұмдық
0
Қайғылы
0
Жарайсың
0