Балалар зардап шеккен: Таразда қатты желден батут ұшып кетті
Таразда қатты жел салдарынан үрлемелі батут ауаға көтеріліп, оның үстінде ойнап жүрген екі бала жерге құлап түсті. Оқиға Ұлы Дала шағын ауданындағы 68/1 ғимаратының маңында болған, деп жазады Sadaq.kz сайты Hronika.kz-ке сілтеп.
Белгілі болғандай, қатты жел тұрған кезде батут орнынан көтеріліп кеткен. Сол сәтте оның ішінде болған екі бала құлаған.
Әулиеата ауданы әкімінің орынбасары Шыңғыс Ерғараевтың мәліметінше, аттракцион бұл жерге заңсыз орнатылған. Оқиғадан кейін батут алынып тасталды.
“Ол 10-ы немесе 11-і күні орнатылған. 11-і күні қатты жел болғандықтан, батут көтеріліп кетті. Онда ешқандай сертификат, рұқсат немесе қауіпсіздік құралдары, соның ішінде ұстағыштар болған жоқ”, – деді Ерғараев.
Оқиға орнына полиция қызметкерлері шақырылған. Батут иесіне 20 АЕК, яғни 86 мың теңге көлемінде айыппұл салынды. Сонымен қатар батут орналасқан тұрақ иесіне қатысты құжаттар қалалық жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы салаларына жауапты бөлімдерге жолданған.
Балалар жедел жәрдеммен ауруханаға жеткізілді. Тексеру нәтижесінде олардың жарақат алмағаны анықталған. Кейін балалардың ата-аналары мен батут иесі өзара келісіп, шағым түсірмеуге уағдаласқан.
Сіздің реакцияңыз қандай?
Ұнады
0
Ұнамады
0
Керемет
0
Күлкілі
0
Сұмдық
0
Қайғылы
0
Жарайсың
0