Баланы қабаған иттерден құтқарған зейнеткер жауапқа тартыла ма?

Шілде 2, 2025 - 11:39
Баланы қабаған иттерден құтқарған зейнеткер жауапқа тартыла ма?

Әлеуметтік желілерде тараған, Атырауда ит талап жатқан баланы құтқарған зейнеткер жауапқа тартылады деген ақпарат шындыққа жанаспайды. Бұл туралы құқық қорғау органдары хабарлады, деп жазады Sadaq.kz.

Әлеуметтік желіде кәмелетке толмаған баланы иттердің аранынан арашалап қалған жергілікті тұрғынды жауапқа тартқалы жатыр деген қауесет тараған. Облыстық полиция бұл ақпарат шындыққа жанаспайды дейді. Әлгі азаматқа қатысты процессуалдық шешімдер қабылданбаған.

Тағы оқыңыз: «Олар қымбат иттер, ақшасын төлейсің»: Баланы құтқарып қалған зейнеткерден ит иелері өтемақы талап етті

«Қылмыстық кодекстің 32-бабына сәйкес («Қажетті қорғаныс») оның әрекеті өзін-өзі қорғау мақсатындағы заңды әрекетке жатады. Заңға сәйкес өмірге, денсаулыққа немесе мүлікке нақты қауіп төндіретін шабуылды тойтару кезінде қажетті қорғаныс жағдайында зиян келтіру қылмыстық құқықбұзушылық емес. Сондықтан кәмелетке толмаған баланы қабаған иттердің шабуылынан құтқарған азаматтың әрекеті қолданыстағы заңнама нормаларын бұзбайды және құқықтық зардаптарға әкеп соқпайды», - делінген хабарламада.

Полиция департаменті сотқа дейінгі тергеу аясында иттің иесінің әрекеті жан-жақты зерттеліп, оларға тиісті құқықтық баға берілетінін атап өтті. Қандай да бір заң бұзу белгілері анықталса, ол заңда белгіленген тәртіппен жауапқа тартылады.

Естеріңізге салайық, Алматы облысында доп теуіп жүрген 10 жасар баланы үш ит талап, құлағын жұлып, сан етін тістеп тастаған. Бала ауыр халде аурухананың жансақтау бөліміне түсті. Куәгерлердің айтуынша, алаңда балалар футбол ойнап жүргенде бірнеше ит ішке кіріп кеткен. Балалардың көпшілігі қашып үлгергенімен, Максим есімді балаға үш ит - екі овчарка мен бір питбуль тап берген.

Алдын ала мәліметке сәйкес, шабуыл жасаған иттер адамдарға әртүрлі тәуелділіктерден емдеу көмегін көрсететін жекеменшік оңалту орталығының аумағында ұсталған. Баланы сол маңнан өтіп бара жатқан ер адам құтқарған.

Сіздің реакцияңыз қандай?

like

dislike

love

funny

angry

sad

wow