Белгілі әдебиеттанушы Мақсат Тәжімұрат дүниеден өтті

Қазан 30, 2025 - 15:48
Қазан 30, 2025 - 16:12
Белгілі әдебиеттанушы Мақсат Тәжімұрат дүниеден өтті

Қазақ әдебиетіне үлкен еңбек сіңірген көрнекті ғалым, жазушы-эссеист, филология ғылымдарының кандидаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мақсат Тәжімұрат 66 жасында өмірден өтті, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Бұл туралы Бақытжан Қосбармақов желідегі парақшасында хабарлады.

"Айы жеткен айда өлер,
Күні жеткен күнде өлер,
Тура ажал келген жан
Таңға жетпей түнде өлер, - деген рас, Мақсат Тәжімұрат ағамыз қайтыс болыпты", - делінген жазбада.

Жазушылар одағы да:

"Қазақстан Жазушылар одағының Басқармасы көрнекті жазушы, эссеист, әдебиеттанушы-ғалым, филология ғылымдарының кандидаты, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мақсат Тәж-Мұраттың дүниеден өтуіне байланысты марқұмның жақындары мен туыстарына, барша оқырман қауымға қайғырып көңіл айтады", - деп ресми хабар таратты.

Мақсат Әнесұлы Тәжімұрат 1959 жылы Атырау облысы, Жылыой ауданына қарасты Төлес ауылында  дүниеге келген. Ол әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетін және докторантурасын тәмамдаған.

Ғалым еңбек жолын «Білім және Еңбек» журналында әдеби қызметкер болып бастаған. Кейін «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінде тілші, «Горизонт» – «Өркен» басылымында бас редактордың орынбасары, «Жалын» журналында жауапты хатшы, Қазақстан ЛКЖО ОК баспасөз секторының меңгерушісі қызметтерін атқарған.

Сондай-ақ, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде аға оқытушы, «Қазақ әдебиеті» газетінде бас редактордың орынбасары және «Ана тілі» ұлт апталығы газетінің бас редакторы болған.

Мақсат Тәжімұрат қазақ әдебиетінің тарихы мен тұлғаларын зерттеуге зор үлес қосты. Ол «Шәңгерей: жасампаздық өмірі» (1998), «Батыс Алашорда: библиографиялық сөздік тәжірибесі» (2003) сынды еңбектердің, сондай-ақ «Ғұмар Қараш», «Кәбиса жыл» атты ғылыми-зерттеу кітаптардың авторы.

Ғалымның еңбектері Алаш қозғалысы мен оның Батыс бөлімінің тарихына арналған. Ол Алаш қайраткерлері А.Абылаев, Қ.Асанов, Ғ.Әлібеков, Ғ.Есшіғұлов, К.Жәлшов, А.Мәметов, Н.Ипмағамбетов, С.Қаратілеуов сынды тұлғалардың өмір жолын зерттеп, олардың еңбектерін ғылыми айналымға енгізді.

  

Сіздің реакцияңыз қандай?

like

dislike

love

funny

angry

sad

wow