Белгілі әнші Қайрат Байбосынов Еңбек Ері атанды

Президент мәдениет саласының бір топ азаматын мемлекеттік наградалармен марапаттады.

Мамыр 20, 2025 - 15:12
Белгілі әнші Қайрат Байбосынов Еңбек Ері атанды

Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін мәдениет және өнер қызметкерлерін марапаттау рәсімінде сөз сөйлеп, мәдениет майталмандарын мемлекеттік наградалармен марапаттады, – деп хабарлады Ақорда.

Президент Жарлығымен ұлттық мәдениетті дамытуға және насихаттауға қосқан айрықша үлесі, мәдениет саласындағы аса үздік жетістіктері және Қазақстан Республикасына сіңірген еңбегі үшін бір топ азамат мемлекеттік наградалармен марапатталды.

Мемлекет басшысының Жарлығымен Қайрат Әукенұлы Байбосыновқа «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы берілді. Ол – ұлттық өнер майталманы, «Күләш Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университеті» РММ профессоры.

Президенттен «Қазақстанның Еңбек Ері» атағын алған Қайрат Байбосынов бұл марапатты ұлттық өнерге берілген баға деп атап өтті.

Сондай-ақ, мерекелік жиында Президенттен Айгүл Қосанова мемлекеттік марапат алды. Халыққа кеңінен танымал дәстүрлі әнші Айгүл Қосановаға «Қазақстанның халық әртісі» атағы берілді.

"Қосанова Айгүл Шоданқызы – әнші, «Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы» РММ қауымдастырылған профессоры, Алматы қаласы «Қазақстанның халық әртісі» құрметті атағы берілді", – делінген Ақорда баспасөзі таратқан хабарламада.

Сонымен қатар, «Қазақстанның халық әртісі» құрметті атағы «Алматы әуендері» КМҚК Алматы қаласы әкімінің эстрадалық-симфониялық оркестрінің көркемдік жетекшісі Александр Викторович Беляков пен әнші Әлішер Шукурович Каримовке берілді.

Ақордада өткен жиында өнер қайраткерлері өз тарапынан Мемлекет басшысына ризашылықтарын білдіріп, мемлекеттің мәдениет саласына ерекше көңіл бөліп отырғанын жеткізді.

Марапат иелерінің толық тізімімен Ақорданың ресми сайтында танысуға болады. 

Сіздің реакцияңыз қандай?

like

dislike

love

funny

angry

sad

wow