23 желтоқсан күні, белгілі құқық қорғаушы және азаматтық белсенді Ринат Рафхат қайтыс болды деген ақпарат тараған еді.
Кейбір БАҚ құралдары құқық қорғаушының құпия жағдайда көз жұмғанын хабарлады. Жазуынша, Ринат Рафхат балық аулауға кеткен күйі оралмаған.
Бүгін белгілі журналист Ораз Әлімбек құқық қорғаушының денесін сарайда асылып тұрған жерінен тауып алғанын жазды.
"Ринат Рафхатұлының Хиуаздағы үйіне жақын тұратын дереккөзім құқыққорғаушының сарайда асылып қалды дегенді айтады. Әрине, дереккөз Ринатты қыл арқаннан ажыратып алуға қатыспаған. «Асылып қалды» деген там-тұм ақпараттан басқа ештеңе айтылмайды, бәрін құпиялап отыр» деді дереккөз. Оның ойынша, қайғылы оқиға 22-інен 23-іне қараған түні болған. Сондай-ақ, құпия дереккөз Ринаттың ауылдастарымен бірге 22 желтоқсанда Қиғаш өзенінен балық аулап демалыс жасағанын растады. «Ішімдік ішкен-ішпегенін, отырыстары қанша уақытқа созылғанын білмеймін» деді дереккөз. Айтуынша, Ринаттың үйі өзен жағалауына өте жақын. Ал сарай мен үйдің арасы айқайлаған дауыс еміс-еміс естілетін әудем жерде. «Үйде отырған адам сарайда не болып, не қойып жатқанын естімейді» - деді дереккөз.
Алматыдағы дереккөздің мәлімдеуінше, соңғы кездері Ринат Рафхатұлы мен Абзал Достияровтың өзара достығы бұрынғыдан да күшейген. Бұрын екеуі оппозицияшыл саясаткер Жанболат Мамайды қолдады. Жүре келе Абзалдың да, Ринаттың да Жанболатпен арасы суыды. «Қаңтар оқиғасына кейін олар Жанболатты «сатқын» деп жек көріп кетті. Көзқарас ұқсастығы Ринат пен Абзалды қатты жақындастырды» деді дереккөз. Айтуынша, Ринатты құқық қорғаушы Шорманбаевтар заңгерлік кеңсесіндегі жұмыстан шығарып жіберіпті. Сондықтан жұмыссыз қалған ол ауылына кеткен. Біраз демалып алған соң, бұдан кейінгі құқыққорғаушылық жұмысын қоғам белсендісі Абзал Достияровпен жалғастырмақ болды» деді дереккөз.
Әлеуметтік желідегі Ринаттың жазбаларына қарасақ, ол алматылық белсенді Абзал Достияровқа құқықтық қолдау білдіру үшін жолға шықпақ ниеті болғанын білеміз. Дегенмен, Ринаттың қазасына орай Шорманбаевтардың қаржылай қолдауымен Алматыдан Хиуаз ауылына бет алған Абзал Достияров «Сан-саққа жүгіртіп, қауесет таратпауларыңызды сұраймын...», Ринаттың «жақын күндері Алматыға келетін жоспары болған жоқ» деп жазды. Ал Ринат өлерінің алдында Абзалға «...Күт мені» деп жазған еді... Соған қарағанда Абзал Достияров та Ринаттың неден өлгенін анықтайтын экспертиза өткізу жөнінде марқұмның туыстарына өтініш айтпайды-ау. Жабулы қазанның жабулы қалғанына біраз адам мүдделі сияқты", - , -дeп жaзғaн өзiнiң facebook пaрaқшaсындa.
Ринат Рафхат – Қазақстандағы адам құқығы, әділ сот, заң әділеттілігі мәселелерін ашық насихаттаған қоғамдық белсенді болған. Ол Қазақстандағы ең атышулы сот істеріне қатысып, үнемі пікір білдіріп отырды. Қоғамдағы көп жағдайды сынап, бүкпесіз елге жеткізуға тырысқаны белгілі.