«Білімге бөлінген 65,6 млрд теңге мақсатсыз жұмсалған» - Жоғары аудиторлық палата
![«Білімге бөлінген 65,6 млрд теңге мақсатсыз жұмсалған» - Жоғары аудиторлық палата](https://sadaq.kz/uploads/images/202502/image_870x_67b2d2e9bb6ed.jpg)
Жоғары аудиторлық палатасында орта білім беру саласында жүргізілген мемлекеттік аудиттің нәтижесін жариялады,деп хабарлады sadaq.kz ақпарат порталы.
Жоғары аудиторлық палата орта білім беру саласын дамытуға және оның сапасын арттыруға бөлінген қаражаттың пайдаланылу тиімділігіне аудит жүргізді. Аудит нәтижелері Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткенЖоғары аудиторлық палатаның отырысында қаралды.
Талқылауға оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев, ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, министрліктердің жауапты лауазымды тұлғалары, сондай-ақ ведомстволық бағынысты ұйымдардың басшылары қатысты.
2019 жылдан бергі кезеңді қамтыған аудиторлық іс-шараның қорытындысына сәйкес, Қазақстанда мектептер саны тұрақты өсіп келеді. 2023-2024 оқу жылында олардың саны 7,8 мыңнан асқан. Оқушылар мен оқытушылар саны да артып келеді. Бұл елдегі білім берудің қолжетімділігін көрсетеді.
Орта білім беру жүйесін қаржыландыру да тұрақты өсіп отыр. Бұл салаға жұмсалған шығыстар 2019 жылғы 1,3 трлн теңгеден 2024 жылы 4,8 трлн теңгеге дейін, яғни 3 есе артқан. Бұл мемлекет үшін осы саланың басымдығын растайды.
Алайда жүргізілген мемлекеттік аудит орта білім беруді дамыту бойынша қабылданып жатқан шаралардың тиімділігін төмендететін бірқатар проблемалық мәселелер мен жүйелі кемшіліктерді анықтады. Жоғары аудиторлық палатаның мүшесі Нұрлан Нұржановтың айтуынша, олар стратегиялық жоспарлауға, білім беру сапасын бағалауға, педагогтерді даярлауға және оларды жұмысқа орналастыруға, оларды қайта даярлау сапасына, білім беру процесін әдіснамалық қамтамасыз етуге, сондай-ақ мемлекеттік реттеу мен бақылауға қатысты.
Білім беру саласындағы стратегиялық жоспарлау мемлекеттік бағдарламалар мен тұжырымдамалардың жиі өзгеруімен сипатталады. Стратегиялық құжаттардың үнемі ауысып отыруы бұрынғы бастамалардың аяқсыз қалуына әкеп соғады. Осы себепті білім беру саясатында сабақтастық пен тұрақтылық жоқ.
Отырыс барысында Жоғары аудиторлық палатаның төрағасы Әлихан Смайылов осы мәселеге баса назар аударды.
«Оқу-ағарту министрлігі бірінші кезекте қабылданатын құжаттар реформалардың дәйектілігін қамтамасыз етуге тиіс екенін қадағалауы керек. Соңғы жылдары орта білім беруді қаржыландыру 3 еседен астам өскен. Мұндай жағдайда мемлекет қабылданып жатқан шаралардан үлкен нәтиже күтетіні анық», — деді Әлихан Смайылов.
Аудиторлық қорытындыға сәйкес, педагогтерді даярлауға арналған мемлекеттік тапсырысты қалыптастыруда Еңбек министрлігінің болжамдары мен білім беру жүйесінің нақты қажеттіліктері арасында айтарлықтай сәйкессіздіктер анықталды. Бұл – есептеу әдіснамасының кемшіліктері.
Біліктілікті арттыру бөлігінде педагогтерді курстардан кейінгі қолдау мәселесі әлі де проблема болып қалып отыр. Бұл жүйе мұғалімдерге жаңа білімді практикада қолдануға септігін тигізуі тиіс, бірақ іс жүзінде ол тек семинарлармен, жарияланымдармен ғана шектеледі.
Білім беру стандарттары саласындағы реформалар жүйелі жүргізілмейді. Оқу жоспарларындағы жиі өзгерістер шығарылып қойған оқулықтарды қайта қарауға және бюджеттің тиімсіз шығыстарына әкеледі. Соңғы 5 жылда оқулықтарды қайта қарау салдарынан экономикалық шығындар 16 млрд теңгеден асқан.
Оқулықтардың сапасын сараптау мен бақылауда кемшіліктер анықталды. 5 жыл ішінде бағалау өлшемшарттары 12 рет өзгерген, бұл орнықты бағалау жүйесінің жоқекенін көрсетеді. Мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді бақылау ақпараттық жүйесі арқылы сараптама тәртібі іске асырылмаған, рәсімдер қағаз жүзінде жүргізіледі.
Лицензиялау – сапалы білім алудағы мемлекеттік кепілдігінің бірі. Алайда елде мемлекеттік мектептерді қоса алғанда, 66 мектеп лицензиясыз жұмыс істейді. Аттестаттаудан сәтті өту пайызы төмен, бұл білім беру мекемелерінде таралған жүйелі проблемаларды дәлелдейді. Мектептердің тек 18,2%-ы аттестаттаудан бір дегеннен өте алады.
Жалпы мемлекеттік аудит барысында:
1,1 млрд теңге сомасына қаржылық бұзушылықтар;
62,4 млрд теңгеге қаражат пен ресурстарды тиімсіз жоспарлау;
3,2 млрд теңгені тиімсіз пайдалану анықталды.
Сіздің реакцияңыз қандай?
![like](https://sadaq.kz/assets/img/reactions/like.png)
![dislike](https://sadaq.kz/assets/img/reactions/dislike.png)
![love](https://sadaq.kz/assets/img/reactions/love.png)
![funny](https://sadaq.kz/assets/img/reactions/funny.png)
![angry](https://sadaq.kz/assets/img/reactions/angry.png)
![sad](https://sadaq.kz/assets/img/reactions/sad.png)
![wow](https://sadaq.kz/assets/img/reactions/wow.png)