Бір жыл қамауда отырған Алмасбек Садырбай әділдік сұрап Президентке жүгінді

Қараша 6, 2025 - 16:14
Қараша 6, 2025 - 16:15
Бір жыл қамауда отырған Алмасбек Садырбай әділдік сұрап Президентке жүгінді
Фото: Alash.kz

Қоғам қайраткері, «Шопан-Ата» мал өсірушілер қауымдастығының жетекшісі Алмасбек Садырбай қамауда отырғанына бір жыл толуына байланысты президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа ашық хат жазды, деп хабарлайды Alash.kz 

Белсендінің айтуынша, әділдік орнауына енді тек мемлекет басшысы ғана ықпал ете алады.

«Бұл назар аудартудың амалы емес, бұл — заңды жолмен әділдік іздеп, нәтижесіз қалған талпыныстардан туған жан айқайы. Мен бір жыл бойы үнсіз төзіп, әділ шешімді күттім», — деп жазды Садырбай.

Ол осы уақыт ішінде он рет әртүрлі изоляторларға этаппен ауыстырылғанын айтты. Адвокаты Анар Құсайынованың сөзінше, мұндай көп мәрте этапталу – сирек кездесетін жағдай.

Тергеу мерзімі аяқталар сәтте ведомствоаралық тергеу тобы іске қосымша «ҰҚТ-ға қатысу» және «Мүлікті заңдастыру» баптарын енгізіп, Садырбайдың қамауда болу мерзімін ұзартқан.

Белсенді бұл әрекетті өзінің қоғамдық қызметімен байланыстырады.

«Мен соңғы жылдары фермерлердің мүддесін қорғап, ауыл шаруашылығындағы агроолигархиялық құрылымдардың ықпалын сынадым. Әрдайым адалдық пен ашықтық, ауылдың тұрақты дамуы мен азық-түлік тәуелсіздігі үшін күрестім», — дейді ол.

Садырбай 2022 жылғы қаңтар оқиғалары кезінде оның қауымдастығы ел бойынша әкімдіктер мен ауруханаларды күзетіп, қоғамдық тәртіпті сақтауға атсалысқанын еске салды.

Сонымен қатар, ол Алматы облысының прокуратурасы БАҚ арқылы өзіне қатысты жалған ақпарат таратқанын мәлімдеді.

«Менің атымнан “Алматыда 6 элиталық пәтер бар” деп жазды. Бұл — шындыққа жанаспайды. Мұндай хабарламалар қоғамды адастырып, менің беделімді түсіруге бағытталған», — деп жазды Садырбай.

Оның айтуынша, Қонаев қаласының санкциялық соттары тергеу органдарына тәуелді, ал оның құқықтары бірнеше рет бұзылған.

Белсенді тергеу барысында өз қатысуымен бар болғаны үш тергеу әрекеті жүргізілгенін айтады.

«Мұндай жағдайда мені бір жыл бойы қамауда ұстаудың мәні неде?» — деп сұрайды ол.

Садырбайдың сөзінше, 730 күнге созылған жасырын тыңдау мен бақылау нәтижесінде де оның тарапынан заң бұзушылық анықталмаған.

Ол істің әділ қаралуын Алматы облысынан тыс, тәуелсіз құрылымдардың жүргізуін сұрап, президенттен Конституция кепілі ретінде араласуын өтінді.

«Мен рақым емес, тек ақиқатқа жету құқығын сұраймын», — деп аяқтайды Алмасбек Садырбай өз хатын.

Адвокат Анар Құсайынова жасанды интеллект көмегімен жасалған Алмасбек Садырбайдың ашық хаты негізінде видеоүндеу жариялады.

Сіздің реакцияңыз қандай?

like

dislike

love

funny

angry

sad

wow