БҚО-да лауазымды шенеунік кәмелетке толмаған қызды зорлады деген күдікке ілінді
Батыс Қазақстан облысында жоғары лауазымды шенеунік кәмелетке толмаған қызға зорлық көрсетті деген күдікке ілінді, деп хабарлайды Sadaq.kz. «Орал апталығы» басылымына сілтеме жасап.
Алайда оқиға 3 қаңтарда болғанына қарамастан, күдікті әлі күнге дейін қамауға алынбаған. Аталған факті бойынша қылмыстық істі Шыңғырлау ауданының полиция бөлімі Қылмыстық кодекстің 120-бабының 3-1-бөлігі 1-тармағы бойынша тіркеп, қазіргі уақытта тергеу амалдарын жүргізіп жатыр. Бұл туралы «Орал» редакциясына құқық қорғау органдары хабарлаған.
Полицияның мәліметінше, күдіктіге қатысты «қамауда ұстау» түріндегі бұлтартпау шарасын қолдану мәселесі іс бойынша барлық қажетті тергеу әрекеттері аяқталғаннан кейін қаралатын болады. Осылайша полиция күдіктінің не себепті әлі қамауға алынбағанына қатысты түсініктеме берген.
Жәбірленуші қыздың әкесінің айтуынша, 2 қаңтар күні 68 жастағы ер адам кәмелетке толмаған қызын алдап, кейін оған күш көрсеткен. Арыз полицияға түскен соң күдікті ұсталғанымен, көп ұзамай босатылған.
«Ол өз кінәсін мойындады, қызым да оны таныды. Соған қарамастан, полиция оны үйіне жібере салды. Бұдан кейін маған оның тарапынан қауіп төне бастады», — дейді жәбірленушінің әкесі.
Сондай-ақ ол Шыңғырлау аудандық полиция бөлімінің бұл істі немқұрайлы жүргізіп отырғанына наразы.
«Біз — қарапайым отбасымыз. Тіпті өз қаражатымызды жинап, адвокат жалдауға мәжбүр болдық. Ал мүмкіндігі бар күдіктімен қалай күресе аламыз? Бұл іс жабылып қала ма деп қорқамын», — дейді ол.
Сіздің реакцияңыз қандай?
Ұнады
0
Ұнамады
0
Керемет
0
Күлкілі
0
Сұмдық
0
Қайғылы
0
Жарайсың
0