«Прокурордың қызы»: Құзырлы органдар блогерді молаға апарып, тепкінің астына алғандарға қатысты мәлімдеме жасады

Атырауда блогер Құралай Болатованың соққыға жығылғаны туралы әлеуметтік желіде тараған видео елді шошытты. Оқиғаға қатысты тың мәлімет тарады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оқиғаға қатысы бар әйелдердің бірі ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Екінші күдіктінің қалада жоқ екені, Атыраудан тыс жерде жүргені анықталды. Қазіргі уақытта оны іздестіру жұмысы жүріп жатыр.
Аталған факті бойынша Қылмыстық кодекстің екі бірдей бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды:
- 125-бап – «Адам ұрлау»,
- 108-бап – «Денсаулыққа қасақана орташа ауырлықтағы зиян келтіру».
Блогердің айтуынша, оны ұрып-соққан әйелдердің бірі «маған ештеңе болмайды, менің туысым прокуратурада істейді» деп мәлімдеген. Бұл ақпарат қоғамда резонанс тудырып, кеңінен тарады.
Осыған байланысты Атырау облыстық прокуратурасы ресми түсініктеме берді. Ведомство таратқан ақпаратқа сәйкес, аталған мәлімдеме шындыққа жанаспайды.
«Прокуратурада жұмыс істейтін қызметкерлер мен күдіктілер арасында ешқандай туыстық байланыс жоқ. Бұл мәліметтер жалған», – деп мәлімдеді прокуратура.
Сіздің реакцияңыз қандай?






