Дамаск түбінде Башар Асад билігі кезінде өлтірілген 100 мыңға жуық адам жерленген орын табылды
Дамаск түбінде Башар Асадтың билігі кезінде өлтірілген 100 мыңға жуық адамның жаппай жерленген орны табылды
Бұл туралы ABC News телеарнасы хабарлады, деп жазады Әшкере телеграм арнасы.
Телеарна мәліметінше, сириялық құқыққорғаушылар Сирия астанасы Дамасктен солтүстікке қарай 40 шақырым жердегі Әл-Кутайфа қаласынан Башар Асадтың билігі кезінде өлтірілген кемінде 100 мың адамның жаппай жерленген орнын анықтаған. Бұл туралы АҚШ-та орналасқан "Сириялық төтенше жағдайлар жөніндегі жедел топ" ұйымының басшысы Муаз Мұстафа мәлімдеді.
Оппозициялық топтар мен құтқарушылар Башар Асад режимінің 24 жылдық билігі кезінде жасалған адам құқықтарының бұзылғанын дәлелдейтін айғақтарды табуды жалғастырып жатыр. Енді көтерілісшілер басқаратын Сирияның өтпелі үкіметі, үкіметтік емес ұйымдар мен құтқарушылар Асадтың кең тараған түрме жүйесін және 2011 жылдан бері із-түссіз жоғалған 100 мыңнан астам адамның жаппай жерленген орындарын әшкерелеп отыр.
Муаз Мұстафаның айтуынша, Дамаск маңындағы Әл-Кутайфа жерленген орны "үлкен қабірлерден" тұрады, олар "6-7 метр тереңдікте, ені 3-4 метр, ал ұзындығы 50-150 метрге дейін жететін траншеялар мен шұңқырлар" болған. Мұстафаның мәліметінше, бұл қабірлерде ерлер, әйелдер, балалар мен қарттар жерленген.
Аталған жер Асад әскері бақылауында болған аумақта орналасқаны және жолдың азаматтық көліктер үшін жабық болғаны айтылды.
Телеарна мәлімдеуінше, Идлибтен Дамаскқа қарай оңтүстік бағытта күтпеген шабуылды бастаған көтерілісшілердің "Хайят Тахрир аш-Шам" тобының жетекшісі өтпелі үкімет Асад режимінің адам құқықтарын бұзуына қатысы барларды жауапқа тартатынын мәлімдеген.
Сіздің реакцияңыз қандай?