«Деңгейінің төмендігі»: Мөлдір Мұқанова фильміне сын айтқан Бақыт Тұрманның әрекетін опасыздыққа теңеді

Қараша 26, 2025 - 16:44
Қараша 26, 2025 - 16:47
«Деңгейінің төмендігі»: Мөлдір Мұқанова фильміне сын айтқан Бақыт Тұрманның әрекетін опасыздыққа теңеді
Фото: https://www.instagram.com/bakyt_turman/https://www.instagram.com/moldir.mt

Танымал продюсер, әнші Мөлдір Мұқанова өзінің жаңадан шыққан “Шай в большом городе” фильмін сынаған әзілкеш Қайрат Әділгерейдің жары Бақыт Тұрманға жауап берді. Продюсердің айтуынша, Қайрат Әділгерейдің атағын шығарған Тұрсынбек Қабатов пен “Әзіл әлемі” театры, ал оның әйелі айтқан пікірін опасыздық ретінде бағалауға болады, деп жазды Stan.kz.

“Кімді айтып отырғанымды біліп отырған шығарсыздар. Ол кісілер үйі, шаңырағы түгілі, кафеге апарып палау әпермеген адамдар. Мені сыйламай-ақ қойсын, Тұрсынбек Қабатовты сыйлауы керек. Себебі Тұрсынбек оның күйеуіне жұмыс берді, атын шығарды. Ол күйеуі тапқан табысын үйіне апарды, жаңағы сөйлеп отырған әйел мен оның балалары сол нанды жеді. Сонда қайтарымы осы сөз болғаны ма? Жеген тағамдары арам болып кетті ғой. Бір алланың қалауымен Қайрат Әділгерейді Тұрсынбек Қабатов пен “Әзіл әлемі” театры көтерді дегенге 100% қол-аяғымды көтеріп тұрып “иә” деп айта аламын. Ал оның әйелінің жасап отырған опасыздығы деңгейінің төмендігі. Ары қарай өзі білсін”, – деді ол. 

20 қарашадан бастап танымал әзілкеш Тұрсынбек Қабатовтың бұрынғы әйелі әрі продюсер Мөлдір Мұқанова түсірген “Шәй в большом городе” фильмі қалың көрерменге жол тартқан еді. Алайда фильмді көрген қазақстандықтар өнер иесінің алғашқы туындысын сынға алды. Жобаны сынағандардың қатарында танымыл әзілкеш, актер Қайрат Әділгерейдің жары Бақыт Тұрман да болды.

Ол фильм продюсердің жақында шыққан сұхбатындағы әңгімелердің көрінісі екенін айтты. Сонымен қатар фильмнің актерлік құрамы әлсіз екенін алға тартты.

“Атышулы Мөлдір Мұқанованың сұхбатын көрген боларсыздар. Ал оның шығарған фильмі сол сұхбатта айтылған дүниенің көрінісі. Енді фильмнен өзімнің байқағанымды айтайын, біріншісі, актерлік құрам әлсіз. Фильмде киноға көп түспейтін, тіпті мүлде танымайтын адамдар жүр. Мүмкін олар Мөлдір ханымның құрбылары шығар, білмеймін. Бірақ актерлікке мүлде қатысы жоқ адамдар екені көрініп тұр. Астананың мен деген мықты әйелдері енді. Бір жағынан маркетинг шығар, бірақ бұл киноның сапасына әсер етті деп есептеймін. Тек Ақерке Арыс ғана рөлін сүйреп алып шыққан, оның өзі кәсіби актриса емес. Соның арқасында күлкілі сценалар шыққан. Ал жалпы юмор да, сатира да жоқ. Миллиардтап касса жинайтындай фильмнің идеясы әлсіз”, – деді ол.

Сондай-ақ Бақыт Тұрман фильмнің комтюмерінің жұмысын сынады.

“Мен байқаған тағы бір минус – костюмердің жұмысы. Фильмдегі образдар бөлек әңгіме. Мұндай киімдерді осыдан 10 жыл бұрын түсірілген фильмдерде киетін. Қазір ол заман өтті ғой. Фильмді заманауи деп есептейтін болсақ, киімдер мүлде әдемі емес, тіпті фильмді арзан көрсетеді десек артық емес.

Оның сөзінше, фильмнің дыбысталуы құлаққа түрпідей естілгін.

“Сосын фильмнің дыбысталуы құлаққа жағымсыз естілді. Мен актерлердің сөйлеу мәнерін айтпай-ақ қояйын, өйткені көбісі сахна тілін оқымағандар ғой. Жалпы дыбыстың сапасы төмен. Мысалы телефон жерге түссе, оның дауысы шығады ғой, ал фильмде жоқ. Кәсіби фильмде мұндайдың бәрі дыбысталуға тиіс. Басқа адамдар байқамаған шығар, бірақ менің байқағаным осы болды”, – деді ол.

Осы тұста әнші Бақыт Тұрманның пікірі желіде екіұдай пікір қалыптастырды. Қолданушылардың бір тобы өнер иесін қолдап, фильмнің шынымен де нашар түсірілгенін жазған. 

“Кім не десе о десін, өз басым Бақыт Тұрманның пікірмен келісемін. Жақсы етіп талдап, субъективті пікірін айтты. Шынымен, шикі түсіріп жұрттың уақытын да, ақшасын да алады. Осындай киноларға жай ғана қолдау үшін барасыздар ма? 1-2 аптадан кейін кинопоисктан атып шығатын арзан кинолар…Эстетикалық ләззат алып, іште кезім қалдыратын кино қараған дұрыс деп ойлаймын”, “Мен Мөлдір ханымды қолдап барып көріп келдім. Бірақ шындықты айту керек деп ойлаймын көрермен ретінде. Өте көп дүние күткен едім кинодан. Бірақ ұнамады мән мағынасы, нені түсіндіргісі келді дым түсінбей шықтым. Ішім пысып кетті қарап отырып. Өз пікірім маған ұнаған жоқ кино. Өте қатты күтіп едім қашан шығады деп, Бақыт ханым шындықты айтып отыр, ол кісіні осы жерде қолдаймын. Көп ақша салса салған шығар, бірақ актёрлық құрам шынымен дұрыс болмаған”, – деп жазған олар. 

Бақыт Тұрман пікірін қолдағандар тредс

Сіздің реакцияңыз қандай?

like

dislike

love

funny

angry

sad

wow