«Дискриминация қажет емес»: Тұрлыхановтың орнын басқан президент хейтерлерге жауап берді

Желтоқсан 19, 2025 - 17:20
 0  1
«Дискриминация қажет емес»: Тұрлыхановтың орнын басқан президент хейтерлерге жауап берді
Фото: Федерацияның баспасөз қызметі

Қазақстанның грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясының жаңадан тағайындалған президенті Еркін Оқасов әлеуметтік желіде қызу талқыланған пікірлерге жауап берді. Бұл туралы федерацияның 2025 жылдың қорытынды отырысында айтылды, деп жазады sadaq.kz 

Соңғы күндері желіде «еркін күрес мықты ма, әлде грек-рим күресі мықты ма» деген сарындағы жазбалар тараған. Кейбір қолданушылар қазақ күресінің өкілдері федерацияның басқару тізгінін ұстауы тиіс деген пікір білдірген.

Осыған байланысты Еркін Оқасов күрес түрлерін бір-біріне қарсы қою орынсыз екенін атап өтті. Оның айтуынша, спорттағы дискриминацияға жол беруге болмайды және барлық күрес түрінің тамыры бір тарихтан бастау алады.

«Біздің ортада қазақша күрестен келген дейтін дискриминация қажет емес. Тарихқа көз жүгіртсек, әйгілі Қажымұқанның өзі ауылдан шығып, қазақ күресінен жолын бастады. Сол күреспен әлемге танылды. Олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіров те алғашқы спорт жолын ауылдағы қазақ күресі үйірмесінен бастағанын айтқан. Жуырда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жапонияға сапары барысында әйгілі сумошы Ерсін Балтағұлмен тілдесіп, оның да әуелі қазақша күреспен шұғылданғанын білді», – деді федерация президенті.

Еркін Оқасов өз сөзінде қазақ күресін еркін немесе грек-рим күресінен жоғары қоюды мақсат етпейтінін жеткізді.

«Бәріміздің тарихымыз бір жерден басталады. Бәріміз қазақпыз. Біз боз кілемге шығып күреспейміз ғой. Ендігі мақсат – өз тәжірибемізге сүйене отырып, менеджмент пен жүйені дұрыс жолға қою», – деді ол.

Айта кетейік, Еркін Оқасов күрес федерациясының президенті қызметіне екі апта бұрын тағайындалған. Ол Батыс Қазақстан облысының тумасы, кәсіпкер, «ВД Строй-Инжиниринг» ЖШС бақылау кеңесінің төрағасы. Бұған дейін «Qazaq kuresi» қауымдастығының вице-президенті қызметін атқарған.


Сіздің реакцияңыз қандай?

Ұнады Ұнады 0
Ұнамады Ұнамады 0
Керемет Керемет 0
Күлкілі Күлкілі 0
Сұмдық Сұмдық 0
Қайғылы Қайғылы 0
Жарайсың Жарайсың 0