Допинг дауы: Жәнібек Әлімханұлының тағдыры қаңтарда шешілетін болды
Қазақстандық кәсіпқой боксшы Жәнібек Әлімханұлының В допинг-сынағын ашу процесі 2026 жылдың 8 қаңтарына жоспарланған. Бұл туралы Қазақстан кәсіпқой бокс федерациясының президенті Рахымжан Ерденбеков мәлімдеді, деп хабарлайды sadaq.kz.
Айта кетейік, Жәнібектің 15 қарашада тапсырған допинг-сынағынан мельдоний анықталған болатын. Ал 2 желтоқсанда VADA ұйымы боксшыға ресми түрде хат жолдап, осыған байланысты Әлімханұлының кубалық Эрисланди Ларамен кездесуі өтпей қалды. Бұл жекпе-жекте үш титул сарапқа салынуы тиіс еді. Нәтижесінде Лара 6 желтоқсанда венесуэлалық Йохан Гонсалеспен жұдырықтасып, WBA белбеуін сәтті қорғады.
Жәнібек Әлімханұлының өзі де бұл жағдайға байланысты ойын айтып, неге бұлай болғанын түсіне алмай отырғанын алға тартты. Боксшының сөзінше, 12 қарашада тапсырған алғашқы А сынағы таза шыққан. Спортшы сол кезде әлеуметтік желіде сынақ тапсыру сәтін де жариялаған болатын.
«Мен қай кезде де таза спортты қолдаймын. Бұл жаңалық мені қатты таңғалдырды. Алғашқы сынақта ешқандай тыйым салынған зат анықталған жоқ. Қоспаларды да өзгерткен емеспін. Екінші сынақтағы нәтиженің қалай шыққанын түсінбеймін, сондықтан қайта тексеруді сұрадым», - деді Әлімханұлы.
Енді боксшының спорттағы тағдыры В сынағының қорытындысына байланысты болады.
Сіздің реакцияңыз қандай?
Ұнады
0
Ұнамады
0
Керемет
0
Күлкілі
0
Сұмдық
0
Қайғылы
0
Жарайсың
0