«Ел жындыханаға айналып бара жатыр» — Тарих ғылымдарының кандидаты (ВИДЕО)
Тарих ғылымдарының кандидаты Жұмамұрат Шәмші Qasqa Jol YouTube-арнасына берген сұхбатында қазіргі қазақ қоғамындағы үрдістерге қатысты өткір көзқарасын білдірді. Ғалым жаңа жылды тойлау дәстүрі қазақы дүниетанымға сай келмейтінін атап өтіп, қоғамда қалыптасқан бірқатар құбылыстарды қатаң сынға алды. Бұл жөнінде Qazaqtoday.info ақпарат порталы мәлімдеді.
Тарихшының пайымдауынша, қазақ халқы ешқашан екіұшты ой айтып, бұлыңғыр сөйлеген емес.
«Қазақ майдан қыл суырғандай нық сөйлеген, тура айтқан. “Жаным, күнім” деп айналып-толғанғанды түсінбеген», – дейді ол.
Жұмамұрат Шәмші жаңа жыл мерекесінің бастауын Еуропамен байланыстырып, бұл дәстүрдің қазақ қоғамына сырттан енгенін алға тартады. Оның айтуынша, жыл сайын түн бойы ішіп-жеп, отшашу атып, даңғазаға салыну ұлттық болмысқа сәйкес келмейді.
«Түнімен ырду-дырдулап, таң атқанша тойлайтын халықты қазақтан басқа көрмедім. Қасиетті Құранда “қоғам не қаласа, соны жібереміз” делінген. Біз өзіміз апатты шақырып жатқандаймыз. Отшашудың дауысының өзі шошытады. Қытайды байытып жатырмыз. Неткен көрсеқызар халыққа айналдық? Жүрегің ауырады», – деді ол.
Сондай-ақ тарихшы елдегі қазіргі ахуалды ауыр теңеумен жеткізді.
«Өкпелегеннің өкпесі түссін, бірақ ақиқаты осы – ел жындыханаға айналып бара жатқандай», – деп ашық мәлімдеді.
Ол «крещенский мороз» дәстүріне де тоқталып, суық суға түсу қазақтың физиологиясына сай емес екенін айтты.
«Орыстармен жағаласып, дайындықсыз мұздай суға сүңгиміз. Бұл қаншалықты дұрыс?», – дейді ол.
Жұмамұрат Шәмшінің пікірінше, Григориан күнтізбесіне негізделген жаңа жыл қазақ халқының төл мерекесі емес.
«Біздің нағыз жаңа жыл – күн мен түн теңесетін Ұлыстың ұлы күні, 22 наурыз. Табиғат оянып, адамдар бір-бірінен кешірім сұрап, шынайы мейрамды сол кезде тойлаған», – деді тарихшы.
Сонымен бірге ол қазіргі той өткізу мәдениетіне де көңілі толмайтынын жасырмады.
«Қыздардың ашық-шашық билеуі – масқара. Қазақтың тойы емес, жын-шайтанның жиыны секілді. Асабалар аздап кітап оқып, мәдениетті болса екен», – деп түйіндеді ол.
Сіздің реакцияңыз қандай?
Ұнады
0
Ұнамады
0
Керемет
0
Күлкілі
0
Сұмдық
0
Қайғылы
0
Жарайсың
0