Елден ақша жинаудың жаңа түрі: Астанада көліктерге дымқыл майлық пен хат салынған қалташалар іліп кететіндер көбейген

Елорда тұрғындары көшеде ақша жинаудың жаңа әдісі пайда болғанын айтады. Тұрғындар тұрақта тұрған көлігінен қиын жағдайға (ауру-сырқау, жұмыссыздық және т.б.) тап болғаны жазылған хат пен дымқыл майлық салынған қалташалар тауып алатын болған.
Астаналықтардың айтуынша, мұндай "сыйлықтарды" көбіне алдыңғы әйнекке немесе есік тұтқаларына іліп кетеді екен.
"Көлігіме барсам, есіктің тұтқасында дымқыл майлық салынған қалташа ілулі тұр. Оны біреу ұмытып кеткен шығар деп ойладым. Қалташаны ашып көрсем ішінде: "Көмектесіңдерші, балам ауырып жатыр, шамаларың келгенше ақша аударыңдаршы" деген қағаз жатыр. Карта нөмірін де жазып қойыпты. Алғаш рет маған мұндай жазбаны "сыйлығымен" қоса қалдырып кеткенде, аздаған ақша аудардым. Бірақ содан кейін мұндай жазбалар күнде пайда бола бастады. Кейін оған күмәнмен қарайтын болдым", – дейді Астана тұрғыны.
Кейбір тұрғындар мұны аңғал адамдарды пайдалану арқылы ақша табудың жолы деп санайды.
"Бұл бір адамның ғана басына түскен ауыр жағдай емес, жалпылама науқан сияқты. Майлықтар арзан, соған қарамастан біреу-міреу 1000-2000 теңге аударып қалады деген есеп болса керек. Жүздеген адам жаны ашып, ақша аударса, пайда көреді", – дейді тұрғындардың бірі.
Астана полициясы мұндай жағдайлар шынымен жиілеп кеткенін растады. Тәртіп сақшылары осындай деректердің біріне қатысты тергеуді бастап та кеткен.
"Елордада қоғамдық орындарда көрсетілген нөмірге ақша аударуды сұрайтын жазбасы бар дымқыл майлық салынған шағын қалташаларды қалдырып кету фактілері жиілеп кетті. Осындай жағдайлардың бірі бойынша жүргізілген тергеу жұмыстары аясында жазбада көрсетілген нөмір Тараз қаласы тұрғыны атына тіркелгені анықталды. Қазіргі уақытта бұл факт бойынша тергеу амалдары жүргізіліп жатыр", – деп хабарлады Астана қалалық полиция департаменті.
Құқық қорғау органдары тұрғындарды қырағы болуға шақырады.
Заңгерлердің айтуынша, егер сіздің де көлігіңізге осындай қалташа іліп кететін болса, табылған затты фотоға түсіріп, қалташаны сақтап қойып, полицияға хабарласуға болады. Бұл өтініш авторларын анықтауға көмектеседі.
Сіздің реакцияңыз қандай?






