Елімізде халал несие берілетін болды

Мамыр 13, 2025 - 11:42
Елімізде халал несие берілетін болды

Қазақстанның қаржы нарығында жаңа дәуір басталғалы тұр. Бұрын тек дәстүрлі несие мен пайыздық жүйеге үйренген отандық банктер енді исламдық қағидаттарға сай «халал несие» ұсына бастайды. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі бұл бағыттағы заң жобаларын көпшілік талқысына шығарды, деп хабарлайды Ozgeris.info.

Егер жоба мақұлданса, отандық банктерге халал несие беру ресми түрде рұқсат етіледі. Халал несие – бұл исламдық қаржы қағидаттарына негізделген несие түрі. Басты айырмашылығы – мұнда пайыз (өсім) жоқ. Исламдық қаржы жүйесі тек адал, әділ сауда мен пайда бөлуді қолдайды. Яғни, банк клиенттің жобасына серіктес болып, ортақ табыс немесе зиянмен бөліседі. Мысалы, банк автокөлік сатып алу үшін қаржы береді және клиентпен бірге сол көлікті жалға береді немесе сатудан пайда көреді.

– Банк жүйесінің тұрақтылығын арттыру мақсатында төлемге қабілетсіз банктерді реттеу жүйесін реформалау және тұтынушылардың құқықтарын қорғауды күшейту қарастырылған, – деп жазылған агенттіктің ақпаратында.

Жаңа заң жобасының тағы бір жаңалығы – тек исламдық банктер ғана емес, дәстүрлі банктер де халал несие өнімдерін ұсына алады. Бұл оларды бір лицензиямен екі бағытта да жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Қазақстандағы банктер үшін бұл өз клиенттеріне балама қаржы өнімдерін ұсыну мүмкіндігі. Жаңа заң жобасы қаржы институттарындағы тұтынушылардың құқықтарын қорғауды күшейтеді. Енді өтініштерді қараудың үш деңгейлі жүйесі енгізіледі: банк деңгейінде – мәселені банк өзі шешуге тырысады, Қаржы нарығын реттеу агенттігіне шағым беру және соңғы шешім – сотқа жүгіну. Бұл жүйе клиенттерді алаяқтықтан қорғап, әділдікке кепілдік береді.

Банктер мемлекеттен көмек сұрау үшін ерекше талаптарға сай болуы керек. Тек жүйелік маңызы бар банктерге ғана мемлекеттік қолдау көрсетіледі. Басқалары нарықтағы өз орны үшін күресуі қажет. Бұл бюджет қаражатының тиімділігін арттыруға бағытталған маңызды қадам. Исламдық қаржы тек халал несиемен шектелмейді. Жаңа заң жобасы финтех секторын дамытуға да назар аударады. Яғни, банктер цифрлық шешімдерді кеңінен қолдана отырып, клиенттерге адал қаржы өнімдерін онлайн форматта да ұсына алады.

Сіздің реакцияңыз қандай?

like

dislike

love

funny

angry

sad

wow