«Ең бастысы – нәтиже». Спорт журналистері Олимпиада формасына қатысты пікір білдірді

Бастысы сапасы жақсы болса болды.

Шілде 19, 2024 - 12:30
Шілде 19, 2024 - 12:34
«Ең бастысы – нәтиже». Спорт журналистері Олимпиада формасына қатысты пікір білдірді
Фото: видеодан кадр

Ел құрамасы Парижде өтетін Олимпиада ойындарына аттанды. Одан бұрын мемлекет басшысына спортшылардың киімі таныстырылып, ту табыстау рәсімі өткен еді. Алайда құраманың Олимпиадаға киетін формасы көптің сынына ұшырап, әлеуметтік желіде қызу талқыға түсті. Осы орайда SADAQ MEDIA ұсынған Double comment жобасында спорт журналисі Елдар Аманбаев пен Мадина Асылбек қонақта болып, дау тудырған мәселеге қатысты пікір білдірді.

Елдар Аманбаевтың айтуынша, көк туымызды ұстап шығатын қос спортшының киімі өте жақсы шыққан. 

«Асланбек Шымбергенов пен Ольга Сафронова киіп шығатын киім маған ұнады. Екеуі бөрік пен сәукелені үйлестіріп әдемі болып шығады. Ал басқа спортшылар киіп шығатын киімге өзімде де сұрақ бар. Дизайнер болмасам да басқа форма күткен едім», - дейді журналист.

Әріптесінің сөзіне қосылған Мадина Асылбек дизайнердің жұмысына көңілі толмағанын айтты. 

«Шыны керек мен де басқа форма күттім. Өйткені форманы жасап шығару бірнеше кезеңнен тұрды. Қаңтар айында өткен бірінші кезеңде ұсынылған форма ешкімнің көңілінен шықпады. Сәйкесінше оның нәтежиелерін де жоққа шығарды. Сәуірде қайтадан байқау ұйымдастырылды. 25-ке жуық адам талқылаудан өткізді оның ішінде спорт саласында жүргендер мен ҰОК-нің қазіргі басшылары да болды. Нашар шықты деп айта алмайтын әйтсе де одан да жақсырақ дүние күткенім рас. Бірақ дизайнерлердің жұмысына көңілім толған жоқ», - деді ол. 

Елдар Аманбаевтың айтуынша, спортшылар берген киімді киеді.

«Маған түсі ұнаған жоқ. Жазғы Олимпиада екенін ескерсек, түсі ашықтау болуы керек еді. Ақ, сары деген түстер бар ғой. Мадинаның сөзіне қосыламын. Бірінші конкурсқа 15 шақты компания қатысса, оның үшеуі жеңіске жетті. Сол үш компанияның идеясын біріктіріп осындай форма шығарып отыр. Әлеуметтік желіні қарасаң, жолсеріктердің формасын киіп алған ба деген қалжыңдар бар. Бір қарағанда шынымен де ұқсайды. Басқа елдің формасына қарасаң, не спорттық үлгіде, не таза классикалық үлгіде жасап шыққан. Ал біздің форма – микс. Спортшыларға не берсе, соны киеді. Бастысы сапасы жақсы болса болды», - деді спорт журналисі.

Мадина Асылбек Токиода өткен Олимпиаданы есіне алды. Сөзінше, сол кездегі дизайнердің жұмысы өте сәтті шықты.

«Маған Токиодағы Олимпиадалық форма көбірек ұнаған. Оны жасап шыққан Салтанат есімді дизайнер спортшылармен тілдесіп, табиғатын зерттеп, ту көтеріп шыққан Қамшыбек Қоңқабаев және Ольга Рыпаковамен жеке сөйлесіп болмысына үңілу арқылы тігіп шыққан екен. Сол үшін де екеуінің формасы көпке ұнады. Ольганың нәзік те батыл мінезін керемет ашқандай болды. Осыдай кейін жақсырақ дүние күтетінің рас», - деді ол. 

Ал Double comment көрермендері болса, киімнің ыңғайлы болғаны маңызды, ал негізгі міндет нәтиже екенін жарыса жазды.

Естеріңізге сала кетейік, әлеуметтік желіде биыл Парижде өтетін Олимпиадаға қатысатын Қазақстан құрамасының формасы көпшіліктің сынына ілікті. Оқырмандардың айтуынша, спортшылардың пиджактары мен галстуктері нашар тігілген "мектеп формасына" ұқсас. Ал үкімет басшысының орынбасары Тамара Дүйсенова олимпиадашылардың киім үлгісін талқылағаннан гөрі, жақсы нәтиже күту керек екенін айтты.

Сіздің реакцияңыз қандай?

like

dislike

love

funny

angry

sad

wow