Ермак: Украина бейбітшілік үшін өз жерінен бас тарта алмайды
Украина президенті Владимир Зеленский Украина жерін бейбітшілікке алмастыруға келіспейді. Бұл жөнінде президент кеңсесінің жетекшісі Андрей Ермак The Atlantiс басылымына берген сұхбатында айтты, деп хабарлады Азаттық радиосы.
"Қазіргі кезде бірде-бір ақыл-есі дұрыс адам жерді беру туралы құжатқа қол қоймайды. Зеленский президент болып тұрғанда, ешкім бізден жерін береді деп ойламасын. Ол жерді беру туралы құжатқа қол қоймайды. Конституция бұған тыйым салады. Украина Конституциясы мен украин халқына қарсы шыққысы келмесе, ешкім мұны істей алмайды" деді Ермак.
Ол "қазір әңгіме майдан сызығын анықтау мәселесі жөнінде ғана" болып отырғанын айтты.
The Atlantiс-тің жазуынша, Ермак осылайша бейбітшілік туралы келісімнің келесі кезеңіндегі Украинаның ұстанымын айтқан.
Бұған дейін Ермакқа сүйенген Axios Зеленский АҚШ президенті Дональд Трамппен "тезірек" кездесіп, бейбіт келісімге қоюға дайын деп жазған еді.
Украина АҚШ-пен келіссөз кезінде бейбітшілік жоспары тармақтарының басым бөлігіне келіскен. Трамптың айтуынша, әуелі баста 28 тармақтан тұратын бейбітшілік жоспары 22-ге дейін азайған. Бастапқыда ол Ресейге іс жүзінде Донецк және Луганск облыстарын беруді қарастырған. Дегенмен жер мәселесі мен Украинаның НАТО-ға қосылуы шешілмеген күйі қалған: Зеленский мұны Трамппен кездескен кезде талқылайды.
Трамп келісімнің жай-жапсарын талқылау үшін өзінің өкілдеріне Украинада Зеленский және Мәскеуде Путинмен кездесуді тапсырған.
Ресейде келіссөз келесі аптаның ортасында өтеді деп хабарлады 27 қарашада Владимир Путин. Ол Трамп мұнай компанияларға санкция салады деп күтпегенін, алайда Украина әскері Донбастан кетпейінше соңына дейін соғысуға дайын екенін жеткізді.
Зеленский АҚШ пен Украина келіссөзі осы апта және келесі аптада өтетінін айтты.
Сіздің реакцияңыз қандай?