Еуропарламент ЕО-ны Украинаға Батыс қаруымен Ресей жерін атқылауға рұқсат беруге үндеді

Қыркүйек 20, 2024 - 15:39
Қыркүйек 20, 2024 - 15:40
Еуропарламент ЕО-ны Украинаға Батыс қаруымен Ресей жерін атқылауға рұқсат беруге үндеді

Еуропарламент Еуроодақ елдерін Украинаға Батыс қаруымен Ресей жерін атқылауға қойылған шектеуді алып тастауға шақырды, деп жазады Азаттық. 

Батыс қаруын қолдану мәселесі 19 қыркүйекте Еуропарламент депутаттары қабылдаған қарарда айтылады.

Құжатты 425 депутат қолдап, 131-і қарсы дауыс берген, тағы 63 депутат қалыс қалған. Еуропарламент қарарының заңды күші жоқ, ол тек ұсыныс қана.

Құжат авторларының пікірінше, шектеуді алып тастамаса, Украина "өзін қорғау құқығын толық жүзеге асыра алмайды және Ресей әскері оқтын-оқтын атқылап жатқан Украинадағы елді мекендер мен инфрақұрылымдар қорғансыз қала бермек".

Бұл шектеу өткен демалыста Ұлыбритания премьер-министрі Кир Стармер мен АҚШ президенті Джо Байден өткізген келіссөзден кейін алынуы мүмкін деп болжанған, бірақ жаңа шешім айтылған жоқ.

Стармер бұл әңгіме бірнеше күннен кейін БҰҰ Бас ассамблеясында жалғасады деді.

"Настоящее Время" арнасының жазуынша, бұған дейін Еуропаның бірқатар елдері Украинаға Ресей аумағын өздері берген қарумен атқылауға рұқсат берген. ЕО-ның сыртқы істер жөніндегі жоғарғы өкілі Жозеп Боррель Ресейді атқылауға рұқсат беру-бермеу мәселесін ЕО-дағы әрбір ел өзі шешеді деп мәлімдеген, себебі Еуропаның барлық елі Киевке алыстан оқ ататын қару жеткізіп жатқан жоқ. Алайда қазір негізгі дау АҚШ пен Ұлыбританияның алысқа ұшатын ракеталары жөнінде болып отыр. Екі ел де ЕО-ға мүше емес.

Украина президенті Владимир Зеленский бірнеше айдан бері Вашингтоннан бұл шектеуді алып тастауды сұрап келеді. Бірақ АҚШ өтінішті мақұлдамай отыр. Вашингтон "Ресейге қарай зымыран атуға рұқсат беру соғыс барысына әсер етпейді" деп санайды.

Мәскеуде Еуропарламент қарарына мемлекеттік дума депутаты Вячеслав Володин реакция білдірді. "Еуропарламенттің үндеуі ядролық қару араласқан дүниежүзілік соғысқа жетелейді" деген депутат "Страсбургке "Сармат" ракетасы 3 минут 20 секундта жетеді" деді.

Ресей президенті Владимир Путин "Киев режиміне Батыс қаруымен Ресей жерін атуға рұқсат беру НАТО-ның қақтығысқа тікелей араласуға бел буғанын білдіреді" деп, "Мәскеуге төнген қауіпке қарай шара қолданатынын" мәлімдеген. 

Сіздің реакцияңыз қандай?

like

dislike

love

funny

angry

sad

wow