KNUS қалай жұмыс істейді: Нұрасыл Медеу университет, спортшылар мен жауапкершілік туралы айтты
Виктор Кирилюк сұхбат барысында Нұрасыл Медеудің Президент Қасым-Жомарт Тоқаевпен туыстық байланысына да тоқталып, мұның оның өмірі мен қызметіне қандай мүмкіндік немесе жауапкершілік жүктейтінін сұрады.
Қазақ ұлттық спорт университетінің (KNUS) құрылтайшысы Нұрасыл Медеу Qazsport телеарнасында Виктор Кирилюкке берген сұхбатында университеттің қалыптасу тарихы, меншік құрылымы, мемлекеттік ғимаратты пайдалану тәртібі, спортшыларға жасалып жатқан жағдай, гранттық бағдарламалар және өзінің IT саласындағы жобалары туралы айтты. Сондай-ақ ол Президент Қасым-Жомарт Тоқаевпен туыстық байланысына қатысты сұраққа жауап беріп, мұны ең алдымен үлкен жауапкершілік деп қабылдайтынын жеткізді, деп жазады Sadaq.kz.
Сұхбат барысында Нұрасыл Медеу KNUS базасының тек студенттерді оқытумен шектелмей, қазақстандық спортшылардың халықаралық жарыстарға дайындығына да пайдаланылатынына тоқталды. Оның сөзінше, университет базасында дайындалған спортшылар жуырда өткен Азия ойындарында жүлделі орындарға ие болған.
Медеу нақтылағандай, университетпен байланысты спортшылар Азиадада, қателеспесе, 14 медаль жеңіп алған. Олардың қатарында KNUS базасында жаттығу өткізген семсерлесушілер де бар.
Университет аумағында күрес академиясы, сондай-ақ Нұрасыл Медеу негізін қалаған «Номад» академиясы жұмыс істейді. Бұдан бөлек, мұнда таеквондо, гольф, академиялық ескек есу, жеңіл атлетика және басқа да спорт түрлері бойынша спортшылар мен ұлттық құрамалар дайындалады.
«Ұлттық құрамалар біздің базада тегін дайындалады. Бұл біздің құрама, ел және күн сайын еңбек етіп жүрген спортшылар алдындағы міндетіміз. Олар біз жасап отырған жағдайға лайық», – деді Нұрасыл Медеу.
Оның айтуынша, спортшылардың университет инфрақұрылымын тегін пайдалануы KNUS-тың ел спорты алдындағы міндеттемелерінің бірі ретінде қарастырылады.
Университеттің 95 пайызы жеке, 5 пайызы мемлекетке берілген
Виктор Кирилюкпен әңгімеде KNUS-тың меншік құрылымына қатысты қоғамда жиі қойылатын сұрақтар да қозғалды.
Нұрасыл Медеу университеттің өзін және ол орналасқан ғимаратты бір-бірінен ажырату қажет екенін түсіндірді. Оның айтуынша, KNUS – жекеменшік білім беру ұйымы. Университет үлесінің 95 пайызы жеке меншікте болса, қалған 5 пайызы мемлекетке, нақтырақ айтқанда «Қазспортинвестке» сыйға тарту шарты бойынша тегін берілген.
«Құрылым мынадай: университеттің 95 пайызы жеке меншікте, ал 5 пайызы мемлекетке, «Қазспортинвестке» сыйға тарту шарты бойынша берілген. Яғни бұл үлес мемлекетке тегін өтті. Негізінде оны сатуға да болатын еді, бірақ біз оның қажеті жоқ деп шештік», – деді ол.
Медеудің түсіндіруінше, мемлекеттік ұйымның университет құрылымына қатысуы оның жұмысын бақылауға және есептілікті қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. KNUS өз қызметі туралы есеп беруге міндетті, ал мемлекет оқу орнының жұмысы мен сапа көрсеткіштерін бақылап отырады.
Ал университет орналасқан ғимарат толығымен мемлекет меншігінде. Ол бюджет қаражатына салынған, KNUS нысанды сенімгерлік басқару туралы келісім негізінде пайдаланады.
Университет ғимараттың иесі саналмайды және оны сату немесе жеке меншік ретінде иеліктен шығару құқығына ие емес. Медеудің айтуынша, KNUS нысанның операторы ретінде оны күтіп ұстауға, қажетті жабдықтармен қамтамасыз етуге, кәсіби команда жасақтауға және инфрақұрылымның қалыпты жұмысын қамтамасыз етуге міндеттеме алған.
Ғимараттағы құрал-жабдықтар KNUS пен жеке қаражат есебінен сатып алынған. Сонымен қатар Медеу ғимараттағы коммерциялық алаңдарды пайдаланудан түсетін кірістің бір бөлігі мемлекетке берілетінін айтты. Оның сөзінше, мұндай қызмет пен қаржы қозғалысы ашық әрі бақылауға жатады.
«Артықшылық болды» деген пікірге жауап берді
Сұхбатта Нұрасыл Медеудің жасы мен университеттің құрылтайшысы болуына қатысты әлеуметтік желілердегі пікірлер де сөз болды.
Ол университеттің ректоры емес, бастапқы кезеңнен бері құрылтайшысы болғанын атап өтті. Ал оқу орнының академиялық және ұйымдастырушылық бағытын қалыптастыру кезінде саланы білетін кәсіби мамандарға сүйенген.
Медеудің айтуынша, университетті іске қосу барысында лицензия алу, білім беру бағдарламаларын әзірлеу, команда жасақтау және басқа да қажетті рәсімдер жалпыға ортақ талаптар бойынша жүргізілген.
Ол мемлекет тарапынан спорт университетін ашу туралы бастама бар екенін естіген кезде бұл салада жаңа жоба құруға мүмкіндік көргенін айтты. Сол кезеңде нарықтық талаптарға сай мамандар командасы жасақталып, білім беру жобасының негізі қаланған.
Әлеуметтік желілерде KNUS-қа қандай да бір ерекше жағдай немесе артықшылық жасалды деген пікірлермен Медеу келіспейтінін жеткізді. Оның сөзінше, оқу орнын ашу үшін өзге білім беру ұйымдары секілді лицензиялау мен басқа да қажетті рәсімдерден өтуге тура келген.
Университет жұмысының алғашқы кезеңінде 150 студент қабылданған. Медеу жаңа құрылған оқу орнына бірден сенім білдіру оңай болмағанын айтып, алғашқы студенттердің университеттің қалыптасуына үлес қосқанын атап өтті.
Президентпен туыстық туралы сұраққа не деді?
Виктор Кирилюк сұхбат барысында Нұрасыл Медеудің Президент Қасым-Жомарт Тоқаевпен туыстық байланысына да тоқталып, мұның оның өмірі мен қызметіне қандай мүмкіндік немесе жауапкершілік жүктейтінін сұрады.
Медеу өзінің қандай отбасында дүниеге келетінін адамның өзі таңдамайтынын айтып, ең алдымен елге пайдалы іс жасау мүмкіндігіне жауапкершілікпен қарауға тырысатынын жеткізді.
Ол Бауыржан Момышұлының жастық шақта жаңа бастамаларға ұмтылып, елге қызмет ету туралы ойын еске алып, өзі де отбасы алдындағы жауапкершілікті сезінетінін айтты.
«Мен өзіме үлкен жауапкершілік жүктелгенін сезінемін. Сол биікті төмендетпей, керісінше, еліміз бен халқымыз үшін жаңа дүниелер жасауымыз керек. Менің басты мақсатым да осы», – деді Нұрасыл Медеу.
Оның айтуынша, сырт көзге мұндай туыстық байланыс көптеген мәселені жеңілдететіндей көрінуі мүмкін. Алайда университетті қалыптастыру кезінде команда жинау, идеяны дамыту және оқу орнын іске қосуға қатысты негізгі жұмысты өз бетінше атқаруға тура келген.
Ауыл жастарына арналған гранттар
Нұрасыл Медеу университет табысының бір бөлігі білім беру жобалары мен студенттерді қолдауға бағытталатынын айтты. KNUS-та құрылтайшының Life Chance Grant және Life Merit Grant бағдарламалары жүзеге асырылады.
Life Chance Grant негізінен ауылдар мен өңірлердегі дарынды жастарға мүмкіндік беруге бағытталған. Бағдарлама оқу ақысын ғана емес, студенттің жатақханада тұру шығындарын және академиялық ұтқырлық аясындағы әуе билеттерін де қамтиды.
Іріктеу кезінде үміткердің академиялық көрсеткішімен қатар, оның спорттағы нәтижесіне, еңбекқорлығына, мақсатына және өзін дамытуға деген ұмтылысына назар аударылады. Бағдарлама аясында бірнеше сұхбат өткізіледі.
Грант иегерлері тегін білім алумен қатар шәкіртақы және университет тарапынан басқа да қолдау ала алады. Сондай-ақ оларға мамандар тәлімгер ретінде бекітіледі.
Ал Merit Grant оқу ақысын өтеуге бағытталған. Бұл бағдарламаға талаптарға сәйкес келетін кез келген үміткер қатыса алады, алайда іріктеу критерийлері Life Chance бағдарламасынан өзгеше.
IT-ден спорттық білімге дейін
Сұхбат барысында Нұрасыл Медеу өзінің негізгі білімі мен IT саласындағы қызметі туралы да айтты. Ол Бостонда Computer Science мамандығында оқыған.
KNUS жобасымен қатар Медеу IT бағытындағы жұмысын да жалғастырып келеді. Оның айтуынша, әртүрлі бағдарламалық өнім әзірлейтін мамандардан құралған командасы бар.
Ол қазақстандық жастардың бағдарламалау мен жасанды интеллект бойынша халықаралық олимпиадаларда жақсы нәтиже көрсетіп жүргеніне назар аударды. Сонымен бірге қазақстандықтар құрған технологиялық жобалар мен компанияларды мысалға келтірді.
Медеудің пікірінше, келесі маңызды міндеттердің бірі – жастарға ғылыми зерттеумен айналысып қана қоймай, өз идеяларын нақты жобаға, стартапқа немесе бизнеске айналдыруға жағдай жасау.
Оның сөзінше, жастар белгілі бір бағытқа тереңдей алатын, зерттеу жүргізетін және оның нәтижесін іс жүзінде жүзеге асыратын орта қалыптастыру маңызды. Бұл міндет IT, жасанды интеллект және спорт салаларының барлығына қатысты.
Нұрасыл Медеу сұхбат соңында өзінің басты мақсаты жастардың әлеуетін ашуға жағдай жасау екенін атап өтті. Оның пікірінше, Қазақстанда спортта да, технология саласында да халықаралық деңгейге шығуға қабілетті жастар жеткілікті. Сондықтан университет қызметі білім берумен ғана шектелмей, спортшыларға жағдай жасау, талантты жастарды қолдау, ғылыми-зерттеу мен технологиялық жобаларды дамыту секілді бірнеше бағытты қатар қамтуы керек.